«Қарызсыз қоғам» жобасының цифрлық платформасы әзірленді
Qogamfin.kz платформасымен үйден шықпай-ақ қаржылық сауатты арттыруға болады
Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымы кеңейіп келеді. Биыл жобаға еліміздің бүкіл өңірімен қоса, республикалық маңызы бар 3 ірі қала – Астана, Алматы, Шымкент қосылып отыр. Осыған орай отандастарымызға барынша ыңғайлы болуы үшін Qogamfin.kz арнайы білім беру платформасы әзірленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сарапшылардың айтуынша, Qogamfin.kz платформасына тегін тіркеліп, үйден шықпай-ақ қаржылық сауатты арттыруға болады.
Платформа әр пайдаланушының қажетіне бейімделген бірегей оқыту құрылымын ұсынып, озық технологиялық шешімдермен қамтамасыз етеді.
Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 750 мың отандасымыз оқыту курсынан өтеді. Күндізгі форматтағы оқыту семинарларынан бөлек, енді кез келген адам qogamfin.kz. онлайн-платформасын пайдалана алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, «AMANAT» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биыл жобаны «Halyk Bank» (*жобаның 2023 жылдан бергі серіктесі), «Jusan Bank», «Bank RBK», «Nurbank», «Еуразиялық банк», «Altyn bank», «Банк ЦентрКредит», «Freedom bank» және «Bereke bank» қолдады.
Qogamfin.kz платформасын әзірлеуші Әлішер Өмірбаевтың айтуынша, былтыр 65 мың адам оқыту курсынан өтсе, биыл жоба сарапшылары 200 мың адамның қаржылық сауатын арттыруды көздейді.
«Жобаға қатысушылар санын тиімді басқарып отыру үшін онлайн-платформа әзірленді. Онда 24/7 режимінде қолжетімді қаржылық сауатты арттыру курсынан бастап, түрлі санаттағы қатысушыларға арналған мамандандырылған бағдарламаларға дейінгі білім беру ресурсының ауқымды спектрі бар. Сонымен қатар, күндізгі форматта білім алғысы келетін азаматтар сайтқа кіріп, курсқа жазыла алады. Ал семинарға қатыса алмайтын адамдар үшін сайтта бейне сабақтар мен әдістемелік материалдар орналастырылады», - деді Әлішер Өмірбаев.
Өз кезегінде, жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева несие бойынша 90 күннен астам уақыт төленбей келген берешегі бар отандасымыздың саны 2 млн-ға жуықтайтынын айтты. Бұл – халықтың 10%-ын және экономикалық белсенді азаматтардың шамамен 20%-ын құрайды.
«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың 58%-ы – төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Ал қарыз өтеу мерзімі 90 күннен асатын азаматтардың үлесі – 18%. Әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сонымен қатар, курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар.
Сонымен қатар сарапшылар, мектеп, колледж және білім ордалары шәкірттеріне арналған оқу құралдары әзірленгенін атап өтті. Бұл қадам шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қолда бар қаражатқа барынша жауапты қарауды үйретуге мүмкіндік береді. Дәл осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы оқыту курсын әзірлеп, оны биыл айналымға енгізу жоспарлануда. Ал мектеп қабырғасында «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының мамандары тәуелсіз сарапшылар мен мұғалімдерді тарта отырып, қолданыстағы «Жаһандық құзыреттілік» пәніне аудит жүргізді. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінен, «Қарызсыз қоғам» жобасының педагогтары мен сарапшыларынан құралған жұмыс тобы оқушылардың қаржылық сауатын арттыруға арналған жаңа курс бойынша жұмыс істеуде.
Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты» жобасының қолданыс аясын кеңейтіп, борышкерлерді оңалтудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауды ұсынған болатын. Осылайша, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқуын аяқтаған адам «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін аша алады. Атап айтқанда, партиялықтар өндірістік жабдықтарды алуға мүмкіндік беретін лизинг бағдарламасын ашуды, сондай-ақ жоба менторларының бақылауымен қайтарымды грант құралын пайдалануды ұсынды. Бұл қадам елдің экономикалық айналымына 1 миллионнан астам адамды тартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда Halyk Bank-тың қолдауымен қанатқақты режимде бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алады. Сондай-ақ, оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.
Курсқа жазылу үшін https://qogamfin.kz сайтындағы нысанды толтыру қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.