Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар адамдардың ТЖ кезіндегі қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді

Төтенше жағдай кезінде қозғалысы аз азаматтардың бірыңғай дерек қорын құру керек

Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар адамдардың ТЖ кезіндегі қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді
Фото: freepik.com

Сенатор Ләззат Қалтаева депутаттық сауалында мүгедектігі бар адамдардың төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасын көтерді. Депутат ол проблемаларды үш негізгі бөлікке бөліп айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Дағдарыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде, мысалы: пандемия, қаңтар оқиғасы, Алматыда жер сілкінген кезде қазақстандықтардың бұл әлеуметтік тобы ақпараттан мүлдем тыс қалды. Демек, денсаулық пен өмірлеріне қауіп төнгені анық. ТЖ қызметтері мүгедектігі бар адамдарды оларға арналған ұйымдарда соңғы рет 10 жыл бұрын оқытқан көрінеді.

Екіншіден, мүгедектерді құтқару және эвакуация мәселесі бар. Зерттеу көрсетіп отырғандай, әкімдіктерде қозғалысы аз азаматтарды табу картасы жоқ, ал құтқарушылар мүгедек адамдарды эвакуациялау барысында олармен қарым-қатынас жасау дағдысын білмейді.

Үшіншісі - мүмкіндігі шектеулі азаматтар көбінесе баспана және халықты уақытша орналастыру орындарына қол жеткізе алмайды. Әсіресе, дағдарыс кезінде жиі белең алатын қылмыс пен зорлық-зомбылық туралы айтпағанның өзінде жағдай осындай. Мұндай жағдайда мүгедектер, әсіресе әйелдер мен балалар ең ауыр жағдайға душар болады.

«Осы мәселе бойынша өз ойымды ортаға сала отырып, назар аударуды ұсынамын: мүгедек адамдар ұйымдарынан сарапшыларды қатыстырып және ерекше қажеттіліктерін есепке ала отырып халықты оқыту, эвакуациялау, орналастыру және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жоспарлар әзірлеу керек. Мүгедектігі бар адамдардың ерекше қажеттілігіне сәйкес келетін баспаналарды жобалау және жарақтандыру керек. Заманауи әдістер мен технологияны пайдалана отырып, әртүрлі науқасы бар адамдарға арналған ақпарат беру және оқытудың арнайы бағдарламасын әзірлеу керек. Төтенше жағдай кезінде оларды іздеу және нақты көмек көрсету үшін қозғалысы аз азаматтардың бірыңғай дерек қорын құру керек», - деді Ләззат Қалтаева.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.