Жолға жауаптылар Жезқазған – Петропавл тасжолындағы жүргізушілерге ескерту жасады
Жолдың 12 учаскесінде айрықша абайлап жүру туралы кеңес берілді
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері Жезқазған – Петропавл тасжолында қар басып қалуы мүмкін 12 жол бөлігі бар екенін ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Республикалық маңызы бар «Жезқазған-Петропавл» автожолының 137-ші шақырымынан 252-ші шақырымына дейінгі Ұлытау кенті арқылы өтетін Қостанай облысының шекарасы аралығында қар басуға бейім 12 учаске бар. Бұл өңір континенталды климатқа жатады, үнемі көп мөлшерде жауын-шашын түсіп, қашанда екпінді желі ұйытқып соғып тұратын аймақ саналады. 2023-2024 жылғы қыс мезгілінде аталған учаскеде 2-3 күн ғана қалыпты ауа райы байқалды, ал қалған кездерде демек, бір айға жуық уақыт бойы тұрақсыз ауа райы сақталуда», - делінген жолға жауапты мекеменің хабарламасында.
Өз кезегінде ауа температурасының күрт төмендеуі қардың еруіне әкелді, салдарынан жолды тазарту процесі күрделене түскен. Дегенмен ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолшылар тоқтамады, жұмыс жалғасып жатыр.
Бұл өңірде 137-252 км аралығында қар басуға бейім келесідей 12 учаске бар: 153, 163, 165, 177, 183, 186, 188, 190, 196, 239, 243, 247 км.