54 киіктің еті бар көлікті тастай қашқан браконьерлер іздестіріліп жатыр
Сонымен қатар көліктен киіктің 224 мүйізі табылған

Қызылорда облысының құқық қорғаушылары аударылған автокөлігін тастай қашқан браконьерлерді іздестіріп жатыр. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«11 сәуір күні рейд жүргізіп жүрген инспекторлар Қызылорда облысының Досан ауылының маңында қаладағы блок-постты айналып кетіп бара жатқан Тойота Ленд Крузер маркалы екі көлікті байқап қалған. Автокөліктердің жүргізушілері «Охотзоопром» қызметкерлерін байқап қалғаннан кейін күріш егілген даламен із суытып кетпек болған. Қуғын кезінде көліктердің бірі аударылып қалғанымен, ондағылар екінші көлікке мініп алып, қашып кеткен. Аударылып қалған автокөлікті тексеру кезінде 54 киіктің тұтас еті мен 224 мүйіз, МР-153 маркалы аңшы қаруы, 25 патрон мен пышақ, дүрбі табылды», - деп жазады ол.
Сәкен Ділдахметтің айтуынша, автокөлік аңшылық үшін арнайы жабдықталған болып шыққан. Ішінен орындықтың бәрі алынып тасталып, салон пластик пакетпен оралған. Киіктерді әбден дайындалған әрі кәсіби браконьерлер аулаған. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының полиция департаменті жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.