Билеттердің толық құнын қайтарып алу үшін де әуекомпаниясының сайтындағы үлгіні толтыру керек
Air Astana әуекомпаниясы төтенше жағдай мерзімі ұзартылуына байланысты 2020 жылғы сәуірге жоспарланған Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына/қалаларынан ішкі және халықаралық рейстерді орындамайды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Орындалмайтын рейстерге билет алған жолаушылар өз сапарының күнін не бағытын өзгерту үшін әуекомпаниясының Брондау және ақпарат орталығына байланысулары тиіс.
«2020 жылғы 31 мамырға дейін және бастапқы ұшып кету уақытына 48 сағат қалғанға дейін рәсімделген қайта брондаудан ақша ұсталмайды, тек жаңа сатып алынған билеттер ақысының айырмасы шегеріледі не өтеледі. Брондау және ақпарат беру орталығына Air Astana сайтындағы Live Chat арқылы немесе call.center@airastana.com поштасына хат жазып байланысуға болады. 16 наурыздан 30 сәуірге дейінгі аралыққа сатып алынған билеттердің толық құнын қайтарып алу үшін де әуекомпаниясының сайтындағы үлгіні толтыру керек. 30 сәуірге дейін орындалмайтын рейстерге билеттерді қайта брондау немесе қайта өткізу жөніндегі сауалдардың бәрі кезекпен өңделетініне кепілдік береміз», - деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, шектеулер енгізілуіне байланысты, Air Astana компаниялар тобы орындайтын халықаралық рейстер 2020 жылғы 1 сәуірден, ал ішкі рейстер 22 наурыздан бастап тоқтатылған.