Алматы қаласында коронавирустан бір науқас көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда Covid-19 індетінен 10 адам қайтыс болды

Алматы қаласында коронавирус індетінен бір науқас көз жұмды, деп хабарлайды Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.

«Науқас 1963 жылы дүниеге келген. 29 наурызда жедел медициналық жәрдем бригадасы азаматты «екі жақты полисегментарлы өкпе қабынуы» диагнозымен стационарға жеткізіп, коронавирустық инфекцияға талдау жасалған. 1 сәуірде емделуші жағдайының нашарлауына байланысты өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», — делінген хабарламада.

Жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан, жедел тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және жіті бауыр жетіспеушілігінің әсерінен науқас жағдайы жедел нашарлай түскен. Емделушінің анамнезінде 2 сатыдағы қант диабеті болған.

«Бүгін 10 сәуірде сағат 18:00-де полиоргандық жетіспеушіліктің ұлғаюынан жүрек қызметі тоқтаған. 30 минут ішінде өткізілген реанимациялық іс-шаралар сәтсіз аяқталған. Сағат 18:30 - да биологиялық өлім анықталды», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Естеріңізге сала кетейік, онымен байланысты адамдардың барлығы провизорлық стационарға карантинге орналастырылған. Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 808-ге жетті.