Алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды – депутат

Автор: Azattyq Rýhy

Депутаттың сөзінше, Мемлекет басшысының көтерген әрбір мәселесі өте өзекті әрі орынды

Фото: facebook.com

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында елімізде 2023 жылы орын алған әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Осы жиында айтылған маңызды мәселелер жайында Парламент Мәжілісінің депутаты,  «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат ел Президентінің агроөнеркәсіп саласының мәселелеріне тоқталып, олардың маңыздылығына тоқталғанын тілге тиек етті.

«Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан, ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашатындығын» баса айтты», - деді Қазыбек Әлішев.

Депутаттың сөзінше, Мемлекет басшысының көтерген әрбір мәселесі өте өзекті әрі орынды.

«Бұл мәселелер біздің Комитет отырыстарында да осы уақытқа дейін көтеріліп келеді. Ендігі кезекте осы айтылған тапсырмалар бойынша жұмыс жасап, алдағы уақытқа жаңа жоспарлар құратын боламыз», - деп жазды Мәжіліс депутаты.