Маңғыстаулық жүк тасымалдаушылар бейбіт шеруге шықпақ
Көліктер аулада қаңтарылып тұр
Маңғыстаулық жүк тасымалдаушылар тығырыққа тірелді. Оған көлік министрлігі қабылдаған заңнамалық өзгерістер себеп болған. Бұған дейін ведомство бекіткен шешімге сәйкес, Түрікменстан мен Қазақстан шекарасындағы кеден бекетінен тіркемемен өтуге тыйым салынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Қазақ-түрікмен шекарасында орналасқан Темір баба кеден бекетіне Түркия, Иран, Түрікменстан тауарлары тоғысады. Мұнда 400-ге жуық маңғыстаулық жүк тасымалдаушы шетелдік тіркемені көлігіне тіркеп, Ақтау мен Ақтөбеге жеткізіп береді. Жыл он екі ай нәпақасын осылай табатындар жаз мезгілінде 500 мың тоннаға дейін жүк тасып келген. Ал биыл мұның бірі де жоқ. Көліктер аулада қаңтарылып тұр.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, жұмыссыздық мәселесі Маңғыстауда назар аударарлықтай әлеуметтік жағдай болып тұр. Жүк тасымалдаушылар мұнайшылардан жұмыс сұрамайды. Несиеге жүк көлік алып, жаңа бағыт ашып, жұмыс істеп келеді. Мәселе шешілмейтін болса, бейбіт шеруге шығуға рұқсат сұрадық», – деді жүк тасымалдаушы Марат Найзабеков.
Бұл мәселе былтыр да көтерілген. Құзырлы орындардың араласуымен бұйрықтың орындалуы бір жылға шегерілген.
«Көлікті несиеге алдық, 1-2 ай жұмыс тоқтап қалса, 600-700 мың теңге несие төлеп отырмыз. Оның қалтаға қалай әсер ететінін білесіз. Осы мәселе шешілсе, 300-400 тасымалдаушыға, олардың отбасына көмегі тиеді», – деді жүк тасымалдаушы Медет Қадыров.
Жылда қайталанатын мәселе тасымалдаушыларды мезі етті. Оны шешу үшін министрлік пен Мәжіліс депутаттарының, құзырлы орындардың есігін қағудан шаршаған. Жүргізушілер бұйрықтың орындалу мерзімін ұзартып, тіпті болмаса оның күшін түбегейлі жойып, мәселені толық шешуді сұрайды. Осы өтінішпен азаматтар Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
«Осы мәселеге жауапты құзырлы органдардың барлығын шақырып жиналыс өткіздік. Хаттамасы жасақталды. Оны тиісті министрлікке жолдаймыз. Одан әрі Үкіметке жеткізіп, дұрыс шешім қабылдауға ықпал етіп, тасымалдаушылар мен билік ортасына көпір боламыз», – деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстық көлік және логистика кеңесінің төрағасы Дмитрий Донских.
Былтыр қаңтарда шетелдік жүк тиелген тіркемелерді тасуға тыйым салынғанда көпшілік әбігерге түскен. Көкөніс пен азық-түлік тиелген прицептер шекарада тұрып қалып, Маңғыстауда баға шарықтап кеткен. Жауапты министрлік араласпаса, бұл түйін биыл да тарқамайды.