Олар жүк тасымалдаумен айналысқан
Айта кетейік, соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 802 адамға жетті. Соңғы тіркелген 21 жағдайдың екеуі Батыс Қазақстан облысында тіркелген деп хабарлады Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
БҚО-да ауру жұқтырған екі адам да Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Олар өңірге жүк тасымалдап келген екен. Бірінің жасы 25-те, екіншісі 27-де.
«Ресей Федерациясының Самара облысымен шекарадағы "Сырым" автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандармен қашықтық термометрия және сауалнама жүргізу кезінде, азаматтардың бірінде дене қызуының көтерілуі анықталды. Аталған азаматтар іс-әрекет алгоритміне сай оқшауланып, жедел жәрдем көлігі шақырылды. Барлық эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтай отырып, аталған азаматтар провизорлық стационарға жеткізіліп, коронавирус жұқпасына талдау жасалды. ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы нақтыланды. Қазіргі уақытта облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жеке бокстарға орналастырылды», - делінген аталған хабарламада.
Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды.
Айта кетейік, БҚО-да COVID-19 коронавирустық инфекцияға шалдыққан барлығы 6 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ем алуда.