Былтыр қазақстандықтар Түркиядан 1440 пәтер сатып алған

Автор: Аманалина Тоғжан

Отандастарымыз үйді негізінен Анталия, Ыстанбұл және Мерсин қалаларынан алыпты

Фото ашық дереккөзден

Қазақстандықтар 2023 жылы Түркиядан ең көп баспана алған 5 елдің қатарында. Өткен жылы отандастарымыз түрік елінен 1440 пәтер сатып алған. Мұндай мәліметті Түркия статистика басқармасы таратты. Ақпаратқа сай қазақстандықтар үйді негізінен Анталия, Ыстанбұл және Мерсин қалаларынан алыпты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Ал Түркиядан ең көп үй алған елдердің көшбасында Ресей тұр. Көрші елдің азаматтары 2023 жылы Анадолыдан он мыңнан аса пәтер алған. Одан кейінгі орындарда Иран, Ирак және Украина азаматтары тұр. Жалпы Түркия өткен жылы шетелдіктерге 35 мың пәтер сатқан. Қазақстан азаматтарының Түркиядан баспана алу тенденциясы пандемия тұсында басталды. Мамандар бұған сол тұстағы баспана бағасының төмен болуы әсер етті дейді.

«Біздің жаңа салынып жатқан тұрғын үйлерімізді көбіне шетелдіктер сатып алады. Әсіресе Ресей, Қазақстан және Украина азаматтары жиі келеді. Жалпы соңғы екі-үш жылда пәтерлерді жалға алу үшін де, сатып алу үшін де шетелдіктерден сұраныс өте жоғары. Мысалға қазір біз салып жатқан жобаның іргетасы ғана құйылды, соған қарамастан пәтерлердің 50 пайызы сатылып кеткен», - дейді құрылыс және риелторлық қызмет көрсету компаниясының басшысы Еркан Кал.

Дегенмен мамандар шетелдіктердің Түркиядан баспана алу қарқыны былтырғыдан анағұрлым азайғанын айтып отыр. Оған негізгі себеп пәтер бағасы күрт өсуі. Статистикалық мәліметтерге сай өткен жылы шетелдіктерге 67 мыңнан аса үй сатылса, биыл бұл көрсеткіш шамамен екі есеге төмендеген.