Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары екі ел аумағында 30 күн тіркеусіз жүре алады

Автор: Аманалина Тоғжан

Бұрын тіркеусіз жүру 5 күн ғана еді  

Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Қазақстан мен Өзбекстан өз азаматтарының көрші ел аумағында тіркеусіз жүру мерзімін 5 күннен 30 күнге дейін ұзартады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бүгін жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары 2000 жылғы 7 шілдедегі екі ел Үкіметтері арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізілген хаттаманы ратификациялады.

«Бұл құжатпен екі ел азаматтары үшін бірдей негізде уақытша есепке тұрмай, 30 күн болу белгіленбек. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Негіздері – жұмыс істеу, емделу, оқу, отбасымен бірігу, бизнес жүргізу. Осылайша, біз көші-қонды бақылаймыз. Одан басқа болу мерзімдерін жаңарту мәселесі шешілмек. Бірақ олардың болу мерзімі алты ай (180 күн) ішінде 90 тәуліктен аспауы тиіс. Қазір біздің азаматтар Өзбекстанда 5 күн ішінде тіркеуден өтуге міндетті екенін атап өткім келеді», - деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама 2022 жылы 22 желтоқсанда Ташкент қаласында жасалды. Жаңа құжат қос мемлекет азаматтарының бір-бірінің аумағында болуы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді және бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстың, іскерлік және мәдени тәжірибе алмасудың одан әрі дамуына оң әсер етпек.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ