Қазақстандық кәсіпкерлер енді ЕАЭО-ның электронды сатып алуларына қатыса алады

Автор: Аманалина Тоғжан

Сондай-ақ ЕАЭО елдері фитосанитарлық қауіптерді жою үшін шұғыл шаралар енгізеді

Фото: freepik.com

Мәжілістің жалпы отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу жөнінде хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын енгізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шаралар, тұтынушылардың құқығын қорғау, тарифтік емес реттеу, бәсекелестік, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға қатысты барлығы 32 түзету енгізіледі. Кешенді түзетулерден басқа ЕАЭО туралы шартқа нүктелік түзетулер енгізілді», - деді Шаққалиев.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізбесінде болмаған, зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шаралар енгізілуде.

«Біздің елімізде бұрын анықталмаған жаңа зиян жәндіктерді тіркеу жағдайы орын алған. Мұндай зиян жәндіктер Бірыңғай тізімде жоқ.Бүгінгі таңда бірыңғай келісілген тізімдегі зиян жәндіктерге қатысты уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралар енгізіліп жатыр. Осы жағдайда, Хаттамада Одақтағы елдер шұғыл фитосанитариялық шараларды енгізу құқығын көздеіп отыр. Бұл ретте тараптар мұндай шараның енгізілгені туралы қалған елдерді алдын ала хабардар етуі тиіс. Мұндай жағдайларда өзара хабарлау тәртібін Комиссия әзірлеп бекітеді», - деді ол.

Министр атағандай, Ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тануды қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды бекітуге Комиссияның құзыреті енгізіледі.

«Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану көзделген. Ережелер уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындауға және электрондық форматта өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еуразиялық үкіметаралық кеңеске тұтынушылардың құқығын қорғау үшін мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекіту құқығы беріледі. Сонымен қатар, Тұтынушылардың құқығын қорғау функциялары ұлттық құзырет болып қала беретінін атап өткен жөн. Үкіметаралық кеңес тек жалпы тәсілдер мен ұсыныстарды бекітеді», - деді министр.

Оның айтуынша, тауарларды әкету кезінде рұқсат құжаттарын алу процесі жеңілдетіледі.

«Қазір лицензия беру ережелері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа жүктелген. Оларды түзету өте қиын. Ережені Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесімен бекітілу ұсынылып отыр. Сондай-ақ, құжаттарды қайта беру кезінде, келісімшартты қосымшасыз, Сыртқы сауда шартының мәліметтерін пайдалану мүмкіндігі көзделген.Лицензия беруден бас тарту негіздерінің тізбесі нақтылануда. Лицензия мен рұқсат нысаны-нан керексіз мәліметтер алынып тасталынды. Жалпы, рұқсат құжаттарын электрондық форматта беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Заң жобасы Республикалық бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», - деді ол.

Мәжіліс заң жобасын мақұлдады.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ