Алаяқтықтың жаңа түрі: Әділет министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады
Ведомство өкілдері тек ресми дерек көздерінен алынған мәліметтерге сенуге шақырады
ҚР Әділет министрлігі алаяқтықтың жаңа тәсілінің шығуына байланысты қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өздерін әділет органдарының қызметкерлері немесе сот орындаушылары ретінде таныстырып жүрген алаяқтар азаматтарға хабарласып, атқарушылық құжаттардың талаптарын орындауды, банк шоттарын бұғаттау, жүргізуші куәлігін тоқтата тұру және т. б. түрлі жолдармен қорқыта отырып, берешек өтеуді талап ете бастады», - деді Әділет министрлігінің өкілдері.
Мұндай қоңыраулар келіп түскен жағдайда атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде (https://aisoip.adilet.gov.kz/) немесе АИС ОИП мобильді қосымшасы арқылы атқарушылық іс жүргізудің бар немесе жоқтығына көз жеткізу қажеттігін ескертеді.
«Алаяқтардың заңсыз әрекеттерінің алдын алу үшін министрлік тек ресми дерек көздерінен алынған мәліметтерге ғана сенуді және дербес деректерді үшінші тұлғаларға және күмәнді интернет-ресурстарға бермеуіңізді ескертеді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қосымша ақпарат алу үшін министрліктің құқықтық ақпараттық қызметіне (8 7172 58-00-58) нөмірі бойынша хабарласуға болады.