Қызыл теңіздегі текетірес: хуситтер деген кімдер?

Автор: Сымбат Ғалымжан

Теңіздегі блокаданың әлемдік саудаға әсері қандай, сарапшылар дабыл қақты

Фото: ВВС

Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания Йемендегі хусит құрамалары мен әскери нысандарына соққы беруді жалғастырып жатыр. Хуситтер де Қызыл теңіздегі коммерциялық кемелерге шабуыл жасауды тоқтатқан жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Azattyq Ruhy тілшісі «хусит деген кім?» және бұл «текетірестің әлемдік саудаға әсері қандай?» деген сауалдарға жауап іздеді.

ХУСИТТЕР ДЕГЕН КІМДЕР?

Йеменнің солтүстігіндегі Садаа провинциясын бақылауға алып, 2015 жылы ел астанасы Сананы басып алған, сол кездегі президент Абдрабба Мансұр Хадиді шетелге қашып кетуге мәжбүр еткен хуситтер кімдер?

Хуситтер – Йемендегі мұсылман шииттерінің бір тобы. 1990 жылдары елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін құрылған. Олар өз атын қозғалыстың негізін қалаушы Хусейн әл-Хусидің құрметіне атаған. Өздерін «Ансар Алла» деп те атайды. 2003 жылы АҚШ-тың Иракқа басып кіруінен кейін хуситтердің АҚШ пен Израильге деген көзқарасы өзгерді.  

«Езгіге ұшыраған Палестина халқын қорғау мақсатында және Газа секторындағы бауырларымызды аман алып қалу үшін біз америкалық-британдық агрессияға жауап бердік! Біздің мақсатымыз – жауларымызға қарсы күресу!» - деді хуситтердің әскери өкілі Яхья Сареа.

Хуситтерді кім қолдайды? Бұл топ ливандық «Хезболладан» үлгі алады. Америкалық ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша, 2014 жылдан бастап «Хезболла» хуситтерге жауынгер дайындау ісінде әскери тәжірибесін бөліседі. Ливаннан өзге, хуситтер Иранды одақтас санайды, өйткені Сауд Арабиясы – олардың ортақ жауы. Бұл ретте, Тегеран хуситтерге қару жеткізеді деген күдік те жоқ емес.

 «Йемен әскери күштері бұл қақтығыста бірқатар баллистикалық зымыранды қолданды. Йемен Қарулы күштері өздерінің әскери операцияларын жалғастырады. Газа секторында атыс тоқтағанға дейін және енгізілген блокада жойылғанға дейін Қызыл теңіз бен Араб теңізінде израильдік кемелерді өткізбеу, қоршауды қамтамасыз ету жалғаса береді!» - деді хуситтердің әскери өкілі Яхья Сареа. 

«Біздің ел барлық Газа тұрғындарына, Газа секторының солтүстігі мен оңтүстігіне азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілгенге дейін өз жұмысын жалғастырады. Бұл шиеленіс сионистік агрессияның тоқтағанын көздейді», - деді хуситтер көшбасшысы Абдель-Малек әл-Хути.

АЗИЯДАН ЕУРОПАҒА ТЕҢІЗ ЖОЛЫ ЖАБЫЛДЫ: ХУСИТТЕР БЛОКАДАСЫ

Ал енді Қызыл теңізге оралсақ. Хуситтер америкалық, британдық кемелерді не себепті атқылауға көшкен? Мұнысын ашық айтты. Израиль одақтастарына қысым жасау және оның қарсыластарын қолдау. Бұған жауап ретінде америкалықтар Йеменді бомбалай бастады.

«Соңғы 10 тәулікте хуситтер Қызыл теңіздегі кемелерге 12 рет шабуыл жасады. Біздің ескертулерімізді елеген жоқ! Хуситтердің бұл әрекеті халықаралық ережелерге, заңға және кеме бостандығына қайшы. Сондықтан біз шара қолданамыз. Санкциялар жариялап, басқа да қысым көрсетеміз! Ал Газаға келер болсақ, гуманитарлық кідірісті қолдағанымыз рас. Алайда біздің мақсат – кепілге алынғандарды босату ғана еді. Қақтығыстың тезірек тоқтағанын біз де қолдаймыз», - деді Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон.

Ормуз бұғазы – Парсы шығанағынан шығудың жалғыз жолы. Оның солтүстік жағалауында Иран орналасқан. Ал Иран – Таяу Шығыстағы хуситтерді, Ливандағы, Ирактағы және Сириядағы шиит топтарын, сондай-ақ палестиналық сунниттер ХАМАС тобына дем береді.  Егер Иран қақтығысқа кіріссе, Ормуз бұғазы жабылады. Сәйкесінше, әлем араб мұнайы мен Қатар газынан айырылады, сөйтіп, сөзсіз, әлемде ауқымды энергетикалық дағдарыс туындайды.

«Онсыз да өршіп тұрған кикілжіңді одан сайын күшейту, су жолындағы қозғалысты бұзу салдары Үнді мұхитында, Қызыл теңізде, Суэцте жаһандық экономикаға кері әсер етіп, апатты жағдай тудырды. БҰҰ Бас хатшысы Қызыл теңіз аймағындағы халықаралық кеме қатынасына жасалған шабуылды айыптайды. Жаһандық жеткізу тізбегінің қауіпсіздігі бүкіл әлемдегі экономикалық және гуманитарлық қауіпсіздік кепілі!» - деді БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик.

Йеменде ресми билік Президенттік басқару кеңесі бар. Алайда, елдің көп бөлігін басқаратын – хуситтер. Олар салық жинайды, ақша басып шығарады. Қызыл теңіз жағалауының едәуір бөлігін бақылайды. 11 қаңтардан бастап АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі хуситтердің позицияларына бірнеше рет соққы берді. Дегенмен, одан дағдарып қалған хуситтер жоқ. Үнді мұхитынан Суэц каналына және Жерорта теңізіне апаратын теңіз жолы – Қызыл теңізде және Баб-эль-Мандеб бұғазында зымыран мен дрондар арқылы кемелерді атқылауды жалғастырып жатыр.

ТЕКЕТІРЕСТІҢ САЛДАРЫ

«Бұл қақтығыс Батыс елдерінің Таяу Шығысқа жаңа ауқымды шабуылының басталғанын білдірмейді. Соққылардың мақсаты навигацияны қорғаумен шектеледі. Дегенмен қауіпті сейілтудің жалғыз жолы – Газадағы атысты тоқтату», - дейді Лондондағы King’s College әскери зерттеулер профессоры Лоуренс Фридман.

«Хуситтер Америкамен және Израильмен толыққанды соғысты қалай ма? Жоқ, әрине. Олар жаулап алған территориясы мен күшін жоғалтқысы келмейді. Бірақ кез келген қателік немесе эмоция Қызыл теңіз аймағындағы жанжалдың жалынына айналатын ұшқын болуы мүмкін», - дейді Кембридж университетінің арабтанушысы Элизабет Кендалл.

Сарапшылар ауқымды қақтығыстың болу-болмауын болжап отырғанда, хуситтердің Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолын жабуы, тарихта болмаған жаһандық шығынға әкелуі мүмкін. Қазір Қызыл теңіз арқылы әр түрлі бағалаулар бойынша әлемдік сауданың 19%-ы – жылына шамамен 1 трлн долларға тауар тасымалданады. Еуропа Азия мен Парсы шығанағы елдерінен теңіз арқылы барлық тауар мен шикізаттың 15%-ын импорттайды. Демек, ықтимал шығындардың ауқымы орасан.

Америкалық Tesla Қызыл теңіздегі дағдарысқа байланысты Берлин маңындағы зауытта өндірісті 29 қаңтардан бастап екі аптаға тоқтатты. Volvo швед компаниясы Бельгияда машина құрастыруды, ал француздық Michelin Испанияда дөңгелек өндірісіне уақытша кідіріс жасады. Қызыл теңіздегі бұғаттаудың бір аптадағы шығыны әлемдік сауданың жылына 0,4 пайызға өсімін тежейді. Яғни, блокада неғұрлым ұзақ болған сайын, жанама шығындар да соғұрлым көп болмақ.