«Видеокамераға еңбектеп жеткен»: Елордада айырбастау пунктінен 12 млн ұрланды

Автор: Azattyq Rýhy

37 жастағы азамат қылмысқа тыңғылықты дайындалған

Елордада 37 жастағы азамат алдын ала дайындалған сценарий бойынша валюта айырбастау пунктінен 12 млн теңге ұрлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері валюта айырбастау пунктіне ұрлыққа түскен елорданың бұған дейін сотты болған 37 жастағы тұрғынын ізін суытпай ұстады», - делінген департамент ақпаратында.

Полицияның мәліметіне қарағанда, ол ұрлыққа тыңғылықты дайындықпен барған. Діттеген ойын жүзеге асыру үшін өз көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін бұған дейін ұрлап алған басқа нөмірмен ауыстырған. Содан кейін бет-жүзін тұмшалап, дүкен мен айырбастау пункті орналасқан ғимаратқа көше жақ бетіндегі есігінің құлпын бұзу арқылы кірген. Қозғалыс датчиктерін істен шығару үшін олар орналасқан жерге дейін еңбектеп жеткен. Бейнебақылау камерасының объективін жауып қойғаннан кейін ол айырбастау пунктіне еш кедергісіз кірген.

«Сейфті бұзып, ішінен жалпы сомасы 12 млн теңге көлемінде әртүрлі валюталарды ұрлап кеткен.  Ұры сақтық шараларын қолданғанымен, ойы жүзеге аспады. Із кесушілердің тынымсыз жұмыстарының нәтижесінде қаскөй ізі суымай қолға түсті. Ол ұрланған қаражаттың жартысын жұмсап үлгерген екен. Ұсталған азамат тұтқындалып, Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша оқшаулағышына қамалды. ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Елорда аумағында жасалған дәл осындай қылмыстарға қатысы тексерілуде», - деп мәлімдеді ведомстводан.