Ақмола облысында 99 жастағы әжей коронавирус жұқтырып алған

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін 91 жастағы қария аталған аурудан көз жұмған болатын

Ақмола облысында коронавирус жұқтырғандар саны 56 адамға жетті. Бүгін таңертең тағы 13 адамның ағзасынан COVID-19 вирусының анықталғаны хабарланды.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, инфекция жұқтырғандардың барлығы арнайы әлеуметтік орталықта жатқан адамдар. Олардың арасында 99 жастағы әжей де бар.

«Бұған дейін әлеуметтік көмек алатын тұрғындар мен сол орталықтың қызметкерлерінен анализ алынған (науқастармен байланыста болған 216 адам) болатын. 34 адамнан COVID-19 вирусы анықталды. Олардың қатарында орталықтың 1963 жылғы қызметкері де бар», - делінген басқарма таратқан хабарламада.

Айта кетейік, вирус жұқтырғандардың барлығы 2 сәуірде қайтыс болған науқаспен байланыста болған. Ал, кеше өңірде 91 жастағы әжей осы аурудан көз жұмды.