Қатерлі ісіктің бұл түрі көбіне жыныстық жолмен беріледі
Жатыр мойны обырының кесірінен қайтыс болатын әйелдер саны азаймай тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстанда онкопатология құрылымында әйелдер арасында жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын жатыр мойны обыры диагнозы 1800 әйелге қойылса, 600 қазақстандық осы аурудан қайтыс болады екен. Қатерлі ісіктің бұл түрі 40-44 жастағы әйелдердің арасында кеңінен тарап отыр.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары, ДДСҰ және ҚДСҰО сарапшылары Қазақстандағы жатыр мойны обыры проблемасын шешудің кешенді тәсілін, Қазақстандағы HPV-на қарсы вакцинопрофилактикасының перспективаларын, жатыр мойны обырын диагностикалаудың негізгі әдістері мен терапия принциптерін түсіндірді. Дәрігерлер адам папилломавирусына (HPV) қарсы вакцинациялау арқылы алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісіктің түрі дейді. Жатыр мойны обырының көбейіп кетуіне адам папилломавирусы (HPV) себеп болады.
Әлемде жатыр мойны обыры жыл сайын шамамен 600 мың әйелге диагноз қойылса, шамамен 340 мың әйел осы аурудан қайтыс болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стратегиялық жол картасы бойынша, қатерлі ісіктен құтылудың жалғыз жолы – вакцинациялау. Қыздардың 90%-ы 15 жасқа дейін HPV вакцинасымен егілуі керек деп санайды. Ал әйелдердің 70%-ы 35 және 45 жасында жоғары тиімді тест арқылы скринингтен өтуі керек.
«HPV вакцинациясы АҚШ, Канада, Израиль, Катар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Швейцария, Франция, Австралия және Жапонияны қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген. HPV-ге қарсы вакцинация көрші елдерде - Өзбекстан мен Түрікменстанда да жүргізіледі. Әлемнің 42 елінде қыздарды да, ұлдарды да вакцинациялаумен гендерлік бейтарап тәсіл енгізілді», - деді Қазақстан ДСМ штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова.
«Қазақ онкология және радиология» ҒЗИ Басқарма төрайымы, м.ғ.д. Диляра Қайдарова жатыр мойны обыры алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру деп санайды. Қатерлі ісіктің бұл түрінің себебі көп жағдайда жыныстық жолмен берілетін адам папилломавирусы (HPV) болып табылады.
«Ресми мәліметтерге сәйкес, Австралияда Ұлттық вакцинация бағдарламасы енгізілгеннен кейінгі 9 жылда 18-35 жас аралығындағы әйелдерде HPV-нің 4 түрінің таралуы 90% -дан астамға айтарлықтай төмендеді. АҚШ-та 2015-2018 жылдар аралығында әйелдер арасында HPV-ның 4 түрінің таралуы 14-19 жас аралығындағы әйелдер арасында вакцинацияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 88% - ға, ал 20 -24 жас аралығындағы әйелдер арасында 81% - ға төмен болды. Жаппай вакцинацияны ДДСҰ, ACOG, ESGO, SGO, ACS сияқты беделді халықаралық медициналық ұйымдар қолдайды. Бұл ДДСҰ-ның Денсаулық сақтау мәселесі ретінде жатыр мойны обырын жоюды (элиминация) жеделдету жөніндегі жаһандық стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі», - деді «Қазақ онкология және радиология» ҒЗИ төрайымы.