Президентке Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Дархан Сатыбалдыны қабылдады
Президентке Түркістан облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Атап айтқанда, өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5 пайызға өсіп, 1 триллион теңгеден асқан. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жалпы сомасы 30,2 миллиард теңге болатын 20 жоба іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылған.
Облыс әкімінің айтуынша, алдағы 5 жылда өңірдің өз кірісін 100 миллиард теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Алдын ала есеп бойынша былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3,8 триллион теңге болған. Ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 1,1 триллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Саланы әртараптандыру нәтижесінде 3,3 миллион тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттыруға, суды үнемдеуге ықпал ететін жаңа әдіс-тәсілдер мен технологиялар енгізіліп жатыр.
«Мемлекет басшысына өңірдегі шағын және орта бизнестің даму барысы туралы баяндалды. Дархан Сатыбалдының айтуынша, облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 211 мыңға жетіп, 1,6 триллион теңгенің өнімі өндірілген. Облыста жалпы сомасы 407,5 миллиард теңге болатын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, былтыр бюджет есебінен 35 мектептің құрылысы жүргізіліп, 20 мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста үш жыл ішінде 49 мың оқушыға арналған 63 мектеп салынады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Президентке аймақтағы ауылдарды сумен және газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы таныстырылды. Өткен жылы облыстағы 20 елдімекенге жаңадан ауызсу құбыры тартылды. Тоғыз ауылдағы ескірген су тарту жүйелері жаңартылды. Сондай-ақ 62 газбен қамту нысанының құрылысы аяқталып, 48 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту жөнінде берген тапсырмаларын жүйелі әрі сапалы орындау қажет екенін айтты. Сондай-ақ Түркістан өңірін дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.