Алматыдағы ЖЭО-ны газға ауыстыруға жұмсалатын қаражат көлемі белгілі болды
№2 және №3 ЖЭО пайдалануға беру 2026 жылдың аяғына жоспарланған
Үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» Акционерлік қоғамының төрағасы Қайрат Мақсұтов жаңадан салынатын ЖЭО мен газ генераторлары жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгінгі күні Самұрық-Энергоның жалпы электр қуаты 7 845 МВт құрап отыр, яғни елімізде өндірілетін қуат көлемінің 32% құрайды, оның ішінде: жылу электр станциялары - 5 828 МВт,су электр станциялары - 1 904 МВт. Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК)– 113 МВт», - деді Мақсұтов.
Ол атағандай, «Самұрық-Энерго» АҚ құрамына жылына 46 млн тонна көмір өндіретін «Богатырь Көмір» ЖШС, желілерінің ұзындығы шамамен 30 мың км құрайтын «АЖК» АҚ электр желілік компаниясы, сондай-ақ, 930 мыңнан астам абонентке қызмет көрсететін АлматыЭнергоСбыт компаниясы кіреді.
«Биылғы күзгі-қысқы жылыту маусымына қысқаша тоқталып кетейін. 2023 жылы жоспарланған жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды. Электр станциялары қажетті отын қорымен қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда Самұрық-Энерго электр станциялары бойынша жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. 2024-2035 жылдар аралығында «Самұрық–Энерго» акционерлік қоғамы жиынтық көлемі 12 ГВт-тан асатын бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр, оның ішінде: 5,9 ГВт – жылу станциялары, 600 МВт – су электр станциялары, 5,7 ГВт - ЖЭК (жел және күн электр станциялары). Аталған жобалардың бірқатары стратегиялық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылады», - деді Қайрат Мақсұтов.
Оның айтуынша, Президенттің тапсырмасы бойынша Алматы 2 және 3 жылу-электр орталықтарында (ЖЭО) жаңа бу-газ қондырғыларын салу жобаларының жұмыстары былтыр басталды.
«Алматы ЖЭО-2 жобасы бойынша белгіленген электр қуаты 557 МВт, ал жылу қуаты 816 Гкал құрайтын жаңа газ станциясын салу көзделіп отыр. EPC келісімшартына сәйкес жобаның құны 330 млрд. теңгені құрайды. «Алматы ЖЭО-3» жобасы бойынша белгіленген электр қуаты 544 МВт-қа дейінгі және жылу қуаты 160 Гкал болатын бу-газ қондырғысын салу жоспарлануда. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жобаның құны: 273 млрд. теңге. Қазіргі кезеңде екі жоба бойынша ЕРС-келісімшарттар жасалып, негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу шарттарына Siemens Energy, Ansaldo Energia және Dongfang Electric компанияларымен қол қойылды», - деді ол.
Мақсұтов атағандай, бүгінгі таңда Алматы 2 және 3 ЖЭО жобаларын қаржыландыру мәселелері толығымен шешілді, құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары, геологиялық ізденістер жүзеге асырылып жатыр.
«ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын пайдалануға беру 2026 жылдың аяғына жоспарланып отыр. Ал енді Алматы ЖЭО-1 нысанын кеңейту жобасына келсек, қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне «Мемсараптама» РМК-нің оң қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта жобаның ТЭН нәтижелерін бекіту бойынша корпоративтік рәсімдер жүргізілуде. ЖЭО-1 станциясының газбен жұмыс істеп тұрғанын және Алматы қаласының экологиялық жағдайына әсері елеусіздігін ескере отырып, бұл жобаны ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жобалары аяқталғаннан кейін әрі қарай жалғастыруды қарастыру қажет», - деді төраға.