Жапонияда жер сілкінісі кезінде қаза тапқандар саны 128-ге жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы мәліметтер бойынша, 560 адам жарақат алды

Фото: REUTERS/Kim Kyung-Hoon

Жапонияның Исикава префектурасындағы Ното түбегінде болған жер сілкінісінен кейін қаза тапқандар саны 128-ге дейін өсті. Бұл туралы Киодо агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соңғы мәліметтер бойынша, 560 адам жарақат алды, 222 адамға қатысты жергілікті билік әлі де нақты ешнәрсе айта алмайды.

Айта кетейік, 2024 жылдың бірінші күні Жапонияның батыс жағалауындағы Исикава префектурасының Ното түбегінде бірқатар ірі жер сілкіністері болды, олардың ең күштісі 7,6 балл болды.

Жер сілкінісі салдарынан 1370-тен астам үй ішінара немесе толығымен қирады. Исикава префектурасында 66 мың үй жарықсыз, 23,9 мыңнан астам үй сусыз қалды. Исикава префектурасында 357 эвакуациялық пункт ашылды, эвакуацияланғандар саны 30,7 мыңнан асады.