Жамбыл облысында мемлекеттік мекеме басшысы көліктерді жекеге сатып жіберген

Автор: Azattyq Rýhy

Құны 17 млн теңгені құрайтын 3 автокөлік мемлекетке қайтарылды

Фото: gov.kz

Жамбыл облысы Талас ауданының прокуратурасы «Таза-Талас» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі автокөліктерді заңсыз есептен шығару арқылы жымқыру фактілерін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Кәсіпорнының басшылығы мекемеге тиесілі нарықтық құны 22 млн теңгені құрайтын 4 автокөлікті жалған құжатпен рәсімдеу арқылы жарамсыз көлік құралдары ретінде заңсыз есептен шығарып, тиісті аукцион өткізбей, тікелей үшінші тұлғаларға сатқан. Аталған дерек бойынша Талас ауданының прокуратурасы қылмыстық іс тіркеп, оны тергеп-тексеру облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасымен жүргізілді», - делінген Жамбыл облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда мекеме басшыларының іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (жымқыру) және ҚК 369-бабы 1-бөлігі бойынша қаралуда.  

Тергеп-тексеру барысында құны 17 млн теңгені құрайтын 3 автокөлік мемлекетке қайтарылды, төртінші автокөлікті қайтаруға шаралар қабылданып жатыр.

Қылмыстық іс сотқа жолданады.