«Талапқа бағынбағандарға айыппұл салынады»: Полиция көлігі газбен жүретіндерге ескерту жасады

Автор: Аманалина Тоғжан

Айыппұл көлемі 11 мың теңге болмақ

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда полиция газбен жүретін көліктердің иелеріне ескерту жасап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«1 қаңтардан бастап елімізде ҚР СТ 1412-2017 «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары» ұлттық стандартына толықтырулар енгізілді. Яғни газ баллондарымен жабдықталған автомобильдер «GAS» деген жазуы бар сары теңбүйірлі үшбұрыштың сәйкестендіру белгісімен таңбалануы тиіс», - делінген хабарламада.

Бұл белгі жабық паркингтерге кірген кезде көлік оңай танылатындай етіп орнатылуы қажет.

Бұл шара қауіпсіздік мақсатында енгізілді.

Осыған байланысты Түркістан облысының полицейлері автокөлік жүргізушілерін тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осылайша тәртіп сақшылары облыс орталығында автокөліктерді тоқтатып, газ баллон жабдығы бар автокөлік иелеріне тану белгісін орнату қажеттігі туралы айтты.

Талапқа бағынбағандарға 11 мың теңге айыппұл салынады.