«Азаматтар суды үнемдей білуі тиіс»: депутаттар су сорғыш станциясына барды

Автор: Аягөз Құрмаш

Астана тұрғындары жыл сайын 50 мың адамға артып отыр

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметінен

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев, Мәди Тәкиев, Татьяна Савельева, Самат Нұртаза, Дәулет Тұрлыханов және Дәулет Мұқаев №3 су сорғыш-сүзгіш станциясына барып, ондағы жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Іс-шара «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру аясында қолға алынған. Жоспарланған объектілердің сапалы әрі өз уақытында аяқталуын партия бақылауда ұстап отыр.

«Бұл президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарында. Салынып жатқан №3 су сорғыш-сүзгіш станциясы сапасы жақсы, германиялық, америкалық материалдардан жинақталған, заман талабына сай. Вячеслав су қоймасынан алынатын тіршілік көзі №3 су сорғыш-сүзгіш станциясы арқылы тазаланады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Елорда да соңғы 2-3 жылдықта қала тұрғындары санының күрт өсуі мен қала құрылысының қарқын алуы айқын байқалады. Бұл өзгерістер қалада айтарлықтай күрделі мәселелерді туындатып отыр. Сәйкесінше, су тұтынушылардың көлемі артып, ауыз су тапшылығын тудырды. Бүгінде осы мәселені шешу мақсатында №3 су сорғыш-сүзгіш станциясы іске қосылды.

Астанада жыл сайын 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй және коммерциялық алаңдар пайдалануға беріледі. Халық саны жыл сайын 50 мыңнан астам адамға артып келеді. Әлеуметтік салалар мен бизнес нысандарының саны өсуде. Бұл факторлар су тұтынудың, қаланың инженерлік инфрақұрылым объектілеріне түсетін жүктеменің едәуір ұлғаюына алып келеді және елорданың тыныс-тіршілігі мен одан әрі дамуының негізі болып табылатын № 3 жаңа сорғы-сүзгі станциясын салу секілді жүйелі мәселелерді шешуді талап етеді.

«Станцияда химиялық, биологиялық, бактериялдық 2 лаборатория орналасқан. Вячеслав су құбырынан күн сайын 100 мың текшеметр шикі су келіп тұрады. Шикі су химиялық, механикалық, ультракүлгін 3 кезеңнен өтіп, өңделеді. Бұл станцияның іске қосылуы сол жағалауды сумен толық қамтамасыз етеді. Су тапшылығын әлдеқайда жеңілдетті», - деді «Астана cу арнасы» бас директорының бірінші орынбасары Аблай Елжасов.

2023 жылы қолданыстағы №1,2 су сорғыш-сүзгіш станциясының өнімділігі тәулігіне 305 мың м ³ болған кезде елордада суды нақты тұтыну тәулігіне 330 мың м ³ құрады. (тапшылық 25 мың м3/тәул.).

Жалпы қуаты 105 мың текшеметрді құрайтын №3 су сорғыш-сүзгіш станциясының құрылысы аяқталды (38 млн. м3/жыл). Жоба аясында № 3 су сорғыш-сүзгіш станциясы алаңынан № 31 көше бойымен Тұран даңғылына дейін ұзындығы шамамен 17 шақырым болатын магистральді су құбырын салу қарастырылған.

Жобаны іске асыру су тұтынудың өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз етуге, елорданың сол жағалауындағы сумен жабдықтау желілерінің қысымын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қалада су тапшылығы байқалмайды.

 «Біздің азаматтарымыз суға үнемді қарауы қажет. Бақшаларға ауыз су құю, ауыз сумен көлік жуу бұл дұрыс емес жағдай. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының саны бойынша №3 су сорғыш-сүзгіш станциясы іске қосылды. Қаланың өсуін ескерсек, мәселе жалғасын табады. №4 су сорғыш-сүзгіш станциясы салыну жоспарлануда.  Бұл жоба су көзі тапшы аудандарға жүргізілмек», - деді Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен ауыз су мәселесі ерекше назар аударылып, оның кезең - кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді.