«Екінің бірінің қолынан келе бермейтін кеңдік»: депутат Президенттің бастамалары жайлы

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол Президенттің халықаралық аренадағы жоспарлары орындалғанын жеткізді

Фото:parlam.kz

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Президенттің сұхбатын оқып шықтым. Ұнады. Қасым-Жомарт Кемелұлы көп мәселені қамтып, ашық айтыпты. Толғандырып жүрген көптеген сұраққа жауап алдым. Халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат туралы жақсы жазыпты. Ресей мен Қытай тарихи көрші, Путин мен Си Цзиньпин туралы да саяси позитивті, көрші көңілмен жеткізгені ұнады. Сыртқы саясатты нығайта алсақ, «үй ішіндегі мәселерді өзіміз шешерміз» деген ой. Осы жылдары расымен, халықаралық аренада көптеген іс-шара атқарылып, көптеген жоспар орындалды. Дипломатияның арқасында шиеленістен шыға білдік», - деді депутат Facebook-тег парақшасында.

Оның айтуынша, Президент халықты мазалап отырған АЭС туралы да ашып айтқан.

«Президентіміздің «Халық шешуі керек» деген сөзі, халықтың саяси өскенін, қоғамның шешім қабылдап, өз таңдауына жауапкершілікті ала алатынын көрсеткендей. Бұл да жақсы үрдіс. Енді әрбір Қазақстан азаматында бір дауыс, бір бюллетень бар. Демократия. Ең ұнағаны – кешірімділігі. Қаңтар оқиғаларынан кейін саяси қысымның орнына, керісінше, либерализация бағытын ұстану – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кеңдік. Саған жаманшылық тілеген, сені орныңнан қуғысы келген, саған мысықтілеу болған адамдарды эмоциямен емес, заң шеңберінен шықпай тергеу, кейбіреуін кешіру, амнистия жасау – оңай шаруа емес. Бұл жерде Президенттің мәрттігі мен жеке тұлға ретінде кешірімділігін сезуге болады. Тоқетері, бұл қоғамға философиялық толғау, месседж ретінде қорек етер сұхбат болды», - деді Самат Нұртаза.