Бұрынғы әділет министрін қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Марат Бекетаев қазан айынан бері қамауда отыр  

Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі тағы ұзартылды, - деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі.   

«Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Марат Бекетаевқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын 2024 жылдың 21 қаңтарына дейін ұзартты», - делінген соттың хабарламасында.  

Сот Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес басқа деректерді жариялауға болмайтынын атап өтті. Экс-министрдің ұсталғаны қазан айында белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, бұрынғы әділет министрі қызметін асыра пайдаланып, мемлекетке орасан зор көлемде шығын әкелген. Марат Бекетаев алты жылға жуық Әділет министрі болды. Ол қаңтар оқиғаларынан кейін қызметінен кетті.