Барлығы 2 млн 22 мың 135 өтініш өтініш түскен
Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты 198 645 адамға МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
«7 сәуірдегі жағдай бойынша табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау үшін 1 млн 285 мың 473 азаматтан барлығы 2 млн 22 мың 135 өтініш өтініш келіп түсті. Өтініштерді қарау мерзімдерінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінішті бір рет беруді сұраймыз» - деп жазады шұғыл штаб.
Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz сайты және @Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.