Жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Қазақстанның авиация әкімшілігі тиісті тексеру жүргізеді
Әлеуметтік желіде ұшақтың апатты есігін негізсіз ашып жіберген жолаушының видеосы тарады. Осыған қатысты Азаматтық авиация комитеті мәлімдеме жасап, тәртіп бұзған азаматтың Алматы полициясына тапсырылғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2023 жылғы 23 желтоқсанда «Шымкент – Алматы» бағыты бойынша FlyArystan әуе компаниясының КС7106 рейсі жергілікті уақыт бойынша сағат 01:19-да қонғаннан кейін жолаушы апаттық есікті ашты. Борт тексеріліп, ұшуларды орындауға рұқсат етілді. Жолаушы шара қолдану үшін Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне тапсырылды», - делінген Азаматтық авиация комитетінде.
Комитеттің хабарлауынша, жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Қазақстанның авиация әкімшілігі тиісті тексеру жүргізеді.
«Тексеру есікті өз бетімен ашқан жолаушыға да, автотрап беруге жауапты әуежай қызметтеріне де қатысты жүргізілетін болады», - делінген мәліметте.