БҚО-да балалар лагерінің басшысы тиісті білімі жоқ ұлын жұмысқа алып, жоғары жалақы төлеген

Автор: Azattyq Rýhy

Прокурорлар мекемеден бірқатар заңбұзушылықты анықтады

 

Фото: gov.kz

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының прокуратурасы балалар лагерлерінде тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Прокуратура хабарлауынша, тексеру барысында «Тәрбие жұмысы орталығы» МКҚК директоры «Жас ұлан» балалар лагеріне тиісті білімі және біліктілігі жоқ, өзінің баласын жұмысқа заңсыз қабылдағаны анықталды.

«Сонымен қатар соңғыға белгіленген мөлшерден артық жалақы аударылған», - делінген хабарламада.

Аудан прокуратурасының қадағалау актісімен құқыққа сыйымсыз артықшылық білдіргені үшін МКҚК директоры «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабының 1-тармағының 4-тармақшасы негізінде қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Артық аударылған жалақы мемлекетке қайтарылды.

Бұдан бөлек, «Достық» балалар лагерінің ғимараты апатты жағдайда екендігі және балалар лагері өзінің жұмысын санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамай жүргізгендігі белгілі болды.

«13 лагерь жұмысшыларында тиісті медициналық рұқсаттары болмаған. Сонымен қатар балалар лагерінің меңгерушісі тұлғаларды жалған жұмысқа орналастыру арқылы бюджет қаражатын жымқырған және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғаны анықталды», - делінген хабарламада.

Бәйтерек ауданы прокуратурасының бастауымен Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-бөлігі (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қызмет бабын пайдаланып бөтеннің мүлкін талан-таражға салу)  және 190-бабының 2-бөлігімен (қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық) қылмыстық істер тіркелді.

Кейіннен мемлекетке келтірілген залалдың толық көлемде өтелуіне байланысты қылмыстық істер ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.