Мемлекетке орасан зор шығын келген
Су ресурстары комитеті мен «Қазсушар» РМК бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаған. Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатасының төрайымы Наталья Годунова су ресурстары саласындағы заңсыздықтарды жайып салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Аудит аясында Су ресурстары комитеті (АШМ және экология министрлігі құрамында) және «Қазсушар» РМК-да шамамен 68 млрд теңгенің бюджет қаражатына және 693 млрд теңге активтерге тексеріс жүргізілді. 3 млрд 300 млн теңгеге заңбұзушылықтар, 56 млрд теңге болатын бюджет қаражатын және қарызды тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталды. Сондай-ақ 2,5 млрд теңгенің экономикалық шығыны келген және пайда табу мүмкіндігінен айырылған», - деді ол.
Годунова айтқандай, бүгінде бюджетке 1 млрд 700 млн теңге (51%) қайтарылды.
«Әкімшілік айыппұлдар салынды. Құқық қорғау органдарына 4 материал берілді. Бір іс бойынша 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімі шығарылды. Кәсіпорынға бюджет қаражатының айтарлықтай құйылуына қарамастан барлық проблема су ресурстарын басқару жүйесіндегі жұмыстың тиімсіз ұйымдастырумен байланысты болып отыр», - деді Наталья Годунова.