Ұлытау облысында бюджет қаржысын ұрлаған аурухана есепшілері сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекетке келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылданып жатыр

Фото: gov.kz

Ұлытау облысы Қаражал қаласының прокуратурасымен Жәйрем кентінің ауруханасында бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Осы медициналық мекеменің «Б» және «T» бухгалтерлері 2021-2022 жылдары ауруханада іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарға («өлі жандар» деп аталатындарға) 5,1 млн теңгені заңсыз аударған. Ары қарай жымқырылған қаражатты аталған бухгалтерлер өз пайдаларына иемденген» , - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Аталған факт бойынша прокуратурамен Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

«Қаражал қалалық сотының үкімімен (заңды күшіне енді) Жәйрем кенті ауруханасының бухгалтерлері кінәлі деп танылып, оларға бас бостандығын шектеу түріндегі жазалар тағайындалды (2 жыл және 3 жыл 6 ай мерзімге)», - деді ведомтво өкілдері.

Қазіргі уақытта атқарушылық іс жүргізу қозғалып, мемлекетке келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Айта кетсек, прокуратура органдарының қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі – мемлекет мүдделерін қорғау.