Буркина-Фасода содырлар тағы 40-тан астам бейбіт тұрғынды қырып тастаған

Автор: Мира Байбек

Сондай-ақ 42-ден астам адамды жаралаған

Фото: Getty Images

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының кеңсесі Буркина-Фасодағы Джибо қаласында 40 бейбіт тұрғынды өлтіріп, 42-ден астам адамды жаралаған «Жамағат Нусрат әл-Ислам вал Муслимин» (JNIM) содырларын жауапқа тартуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Женевада БҰҰ өкілі Сейф Маганго соғыс қимылдарына қатыспаған бейбіт тұрғындарға қасақана шабуыл жасау әскери қылмыс саналатынын айтты.

«Біз 26 қарашада Буркина-Фасоның солтүстігінде JNIM қарулы мүшелерінің ондаған бейбіт тұрғынды қырып салғанына жаға ұстап отырмыз. Бейбіт тұрғындарға жасалған шабуылдарды ақтауға болмайды және тоқтату үшін бар күшімізді салуымыз керек. Сондай-ақ жауаптылар биліктің мұқият, бейтарап және тәуелсіз тергеуінен кейін жауапқа тартылуы керек», - деді Маганго.

Шенеунік JNIM содырларының үлкен тобының «Сахел аймағындағы Джибо қаласындағы әскери базаға, ішкі қоныс аударушылардың үйлеріне және лагерлеріне шабуыл жасап, кемінде 40 бейбіт тұрғынды өлтіріп, 42-ден астамын жаралағанын» еске салды. Содырлар «ішкі босқындарға арналған үш лагерь мен 20 дүкенді өртеп жіберген.

«Біз барлық тарапты халықаралық гуманитарлық құқық бойынша міндеттемелерді сақтауға, соның ішінде бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарға шабуыл жасамауға шақырамыз. Бейбіт тұрғындарға немесе соғыс қимылдарына тікелей қатыспағандарға қасақана шабуыл жасау  әскери қылмыс саналадыә, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін де содырлар ауыл тұрғындарына шабуыл жасап, 70-ке жуық адамды өлтіріп кеткенін хабарлаған едік. Олар негізінен қарттар мен балаларды өлтіріп, артынша үй-мүлкін өртеп жіберген.