Жастар қанаты вандализммен қоғам болып күресуге шақырады
Бүгін бірнеше қаладағы ескерткіштерде Жастар қанатының еріктілері жаппай тазарту жұмыстарын жүргізді
Ақтау қаласының көп қабатты үйлердің подъезінде, Жезқазғандағы Ғарыш бағындырушыларға арналған ескерткішке, Жетісу облысына қарасты шағын аудандағы Қабан батыр ескерткішінде, Тараз қаласында орналасқан «Төрт көл» тарихи кешенінде бүгін «Жастар Рухы» Жастар қанатының еріктілері жаппай тазарту мен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Айналаңды таза ұстау, оны ластамау - әрбір азаматтың қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілігі деп білемін. Заңға бағынып, тәртіпті сақтау – бізден басталады. Еліміздің болашағына алаңдайтын жас ретінде, экологиялық акцияға ерікті болып қосылдым. Замандастарымды біздің қатарға қосылып, өз үлесін қосуға шақырамын. Тазалықты сақтау – көше немесе аула емес, өз санамыздан, дұрыс түсінік қалыптастырудан басталады», - деді Талдықорған қаласының еріктісі Дария Ілиясова.
Ал «Жастар Рухы» Жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерінен бастау алған вандализммен күрес бүгін қаладағы тұрғын үйлерде жалғасты дейді.
«Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерін ұқыпты, қаз-қалпында келер ұрпаққа жеткізу қаншалықты маңызға ие болса, өзіміз тұратын үйлер мен аулалардың тазалығы қоғам мен жақындарымыз үшін соншалықты маңызды. Подъездерде өткен акция барысында бізге көмекке келген осы ауланың тұрғыны Ажар апамыздың шын ниетіне тәнті болдық. Шараға қатысқан жастар үшін де үлгі болар игі іс. Вандализммен күресу жас таңдамайды – Ажар апа соның нақты дәлелі», - деді Абзал Марат.