$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО денсаулық сақтау саласы 21 жаңа автокөлікпен толықты

Көліктердің он бірі аудандарға аттанса, қалғаны қала тұрғындарына қызмет көрсетеді

БҚО денсаулық сақтау саласы 21 жаңа автокөлікпен толықты

Биыл облыстағы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 91,3 млрд. теңге қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көліктердің он бірі аудандарға аттанса, қалғаны қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жаңа автокөлік кілттерін облыс әкімі Нариман Төреғалиев салтанатты түрде табыс етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды, – деген болатын. Сонымен қатар Үкіметке денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды тапсырды. 2022 жылы бюджет – 71,2 млрд. теңгені құрады. Медициналық ұйымдарды жарақтандыру үшін 2023 жылы 262 бірлік медициналық жабдық сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 198 медициналық жабдық сатып алынып, қолданысқа берілді. Қалған медициналық жабдықтарды сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. 2024 жылы облыстың медициналық ұйымдары үшін КПО б.в. қаражаты есебінен 25,3 млрд. теңгеге медициналық жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Президентіміздің Қ.Тоқаевтың тапсырмасы аясында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 2023 жылға жоспарланған 12 медициналық нысанның бесеуі ауыл тұрғындары үшін қолданысқа берілген болатын. Қалған жеті медициналық нысан жыл аяғына дейін құрылысы аяқталып, тапсырылатын болады», – деген өңір басшысы бүгінгі күні өңіріміздің медицина саласы үшін тағы да маңызды мәселе – медициналық автокөліктермен толыққаны екенін жеткізді.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Токсановтың айтуынша, облыстағы мемлекеттік мекемелердегі санитарлық  көліктердің 78 пайызының тозығы жеткен. Аталған проблеманы шешу және облыс тұрғындарына сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында 2023 жылы облыстық бюджеттен 81 бірлік санитарлық автокөлік сатып алу үшін 1,7 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Олардың 54 бірлігі аудандық медициналық ұйымдарға берілетін болады.

«Медициналық мекемелерді материалдық-техникалық жағынан барынша жабдықтау мақсатында қаражат бөлінген болатын. Бүгін көліктердің бастапқы легі келіп жатыр. Бір бөлігі шалғайдағы елдімекендерге барып қызмет етеді.  Қазіргі таңда жеткізілген 21 автокөліктің кілтін өздеріңізге табыс еткелі отырмыз. Жыл аяғына дейін жоспарланған санитарлық автокөліктің барлығы да жеткізілетін болады. Бұл – халыққа медициналық көмек көрсету тұрғысында медицина қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыруға бағытталған үлкен көмек деп есептеймін»,  – деді Ерлан Виленұлы.

Медицина саласының ардагері Бақтығали Ахметов бұл жаңалық ақ халаттылардың жұмысын ілгерілетуге үлкен қолдау екенін айтты.   

«Мен білетін медицина қызметкерлері алдыңғы қатарлы, өз мамандығын жақсы меңгерген, күндіз-түні тынбастан еңбек етіп жүрген адал азаматшалар. Астарыңа мінген тұлпарларың құтты болсын. Осындай көрсетілген құрметті ақтау – болашақта сіздердің міндеттеріңіз деп білемін», – дейді сала ардагері.

Бұл күні Ақжайық аудандық ауруханасына – 4 бірлік, Тасқала аудандық ауруханасына – 3 бірлік, Жәнібек аудандық ауруханасына – 4 бірлік, №3 қалалық емханаға – 2 бірлік,№4 қалалық емхана – 1 бірлік,  Облыстық психикалық денсаулық орталығына  – 1 бірлік, Қалалық көпбейінді ауруханаға – 1 бірлік Соболь автокөлігі  берілсе,  Шевроле кобальт көлігі  № 1, №2,  №5 қалалық емханаларға табысталды.

Айта кету керек, денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 12 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 6 нысан бойынша құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Жыл соңына дейін қалған 6 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Алдағы жылы осы бағытта 38 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 22 денсаулық сақтау объектісіне күрделі жөндеу жүргізіліп, 15 нысан пайдалануға берілді. Қалған 7 нысан жыл аяғына дейін аяқталатын болады. Медицина саласының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында биыл 2,6 млрд. теңгеге 198 бірлік қажетті жабдықтар алынды. Сонымен қатар КПО б.в. компаниясы есебінен медициналық құралдарды алуға 25 млрд. теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде барлық медициналық ұйымдар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады.

Дәрігер мамандарын өңірге тарту және қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен резидентураға 18 грант, абитуриенттерге 60 грант бөлінді. Ағымдағы жылдан бастап ауылдық жерлерге жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында 1,5 млн. теңгеден бастап 5 млн. теңгеге дейін бір реттік қаржылай көмек көрсету қарастырылды.

Қазіргі таңда облысқа келген 113 маман жұмысқа орналастырылып, 48 дәрігер маман тұрғын үй, көтерме ақымен қамтылып, ауылдық жерлерге жолданды.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары