Бұған дейін ресейлік ғалымдар онда алғаш рет қарбыз өсірген
Ресейлік ғалымдар алғаш рет Антарктидадағы Восток станциясында қияр өсірді. Бұл туралы Арктика және Антарктика ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy РИА Новости ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
«Восток станциясында алғаш рет қияр жиналды. Отырғызу сәтінен бастап 60 күн ішінде 16,5 килограмм көкөніс өсірілді», - делінген хабарламада.
Бұған дейін ресейлік ғалымдар Антарктидада алғаш рет қарбыз өсірді. Институт станцияда қияр өсіру қарбызға қарағанда әлдеқайда оңай болғанын атап өтті.
Ғалымдардың айтуынша, Восток станциясындағы екі жылыжайда топырақсыз «панопоника» технологиясын қолдана отырып, жылына бір шаршы метр аумақта 100 килограмм қияр, 29 килограмм қызанақ, 11 килограмм тәтті бұрыш және 149 килограмм қырыққабат өсіруге болады.
Восток станциясы – Антарктидадағы құрлықішілік ресейлік станция. 1983 жылы шілдеде онда планетадағы ең төменгі ауа температурасы - 89,2 градус тіркелді.