Мұның себебін министрліктегілер отандық бензиннің көрші елдерге ірі көлемде заңсыз тасымалдануымен түсіндіріп отыр
Ұлттық экономика министрлігі жанармай (авиациялық емес) және дизельдік отын акцизінің бағасына өзгеріс енгізу туралы ҚР Үкіметінің қаулысын әзірледі, деп жазады Zakon.kz. Өзгеріс 2019 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.
Құжат бойынша жанармайдың 1 тоннасының акцизі 24 435 теңгеге сатылатын болады. Қазір оның бағасы – 10 500 теңге. Мұның себебін министрліктегілер отандық бензиннің көрші елдерге ірі көлемде заңсыз тасымалдануымен түсіндіріп отыр. Жоба бекітілсе ешқандай әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық проблемалар туындамайды деп сендірді ведомство өкілдері.
«Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарында РФ азаматтары Қазақстанның арзан жанармайын пайдаланады. Бұл өз кезегінде Ресей экономикасын субсидиялаумен бірдей. Қазақстаннан алған жанармайды Ресей Еуропаға экспорттап, өз бюджетіне кедендік салық түсімдерін түсіреді, яғни Қазақстанның арзан бензинінен пайда көріп отыр. Қазақстан мен Ресейдің жанармай құю бекеттеріндегі бензин бағасының айырмасы литріне шамамен 100 теңгені құрайды. Қырғызстанмен салыстырғанда – 70-80 теңге. Осыған байланысты, акциз мөлшерлемесін өсіру арқылы жанармай бағасын көтеруге мұқтаждық туындап отыр», - делінген аталған құжатта.
Бүгін Сенат кулуарында журналистермен әңгімелескен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мұндай шешімнің неліктен қабылданғанын түсіндірді.
«Бензиннің әр литрінде акциз бар, оның құны 8 теңге. Қазір акцизді тағы 10 теңгеге көтеру мәселесі қаралып жатыр. Бұл ұсыныс не үшін жасалды және мақсаты не?-Өздеріңіз білесіздер, бюджеттік шығындардың көлемі айтарлықтай өсті, оның ішінде әлеуметтік міндеттемелер де бар. Республикалық бюджетте әлеуметтік саланың шығындары бүгінде 45%-дан асады», - деді министр.