«Аталы сөзді ұлықтау»: оқушылар арасында республикалық шешендік өнер байқауы өтеді

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Сайысқа барлық облыстан іріктелген оқушылар қатысады.

Фото ашық дереккөзден

Оқушылар арасында республикалық шешендік өнер байқауы өтеді. Балалар тұрмақ ересектердің өзі бүгінде аталы сөз, баталы ой айтуға, астарлап сөйлеп, тереңнен толғауға шорқақ. Көбінің тілі кедей, ойы оғаш. Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында шешендік өнер сайысын елімізде қайтадан жандандыру қолға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ұлттық рухани мұрамызды ұлықтау, аталы сөздің, ана тіліміздің абыройын асқақтатып, қоғамдағы және қолданыстағы мән-маңызын арттыру мақсатында жалпы білім беру ұйымдарының арасында республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтеді. Оған еліміздің барлық облысы мен 3 ірі қаласынан, Назарбаев зияткерлік мектептерінен іріктелген оқушылар қатысады.

«Байқаудың басты ерекшелігі – қатысушы тақырыпты сайыс үстінде жеребемен алып, белгіленген шарттар бойынша түйінін тарқатады. Бұл арқылы оқушылардың жан-жақты білімі, ақыл-парасаты, тәрбиесі мен тәжірибесі, ең маңыздысы ой ұшқырлығы, көркем де жүйелі сөйлеу шеберлігі толықтай сынға түседі. Қазылар алқасы әр қатысушыға жеке-жеке және әділ түрде баға беріп, ұсыныс-пікір айтады. Демек, шешендік өнер байқауы әрі сайыс, әрі сабақ ретінде жетекші мұғалімдер мен қатысушы оқушыларға өте пайдалы тәжірибе жинап шыңдалу мүмкіндігін сыйлайды», - деді «Ділмар» республикалық шешендік өнерді дамыту клубының президенті Жарқын Сәленұлы.

Бабалардың бай мұрасын ұлықтайтын тағылымы мол байқау Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында «Шешендік сөз өнері» пәнінің мұғалімі ұйымдастырған. Әу баста екі ақ баланың арасында 4 кезеңнен тұратын сөз өнері жарысы бүгінде республикалық байқауға айналды. Жаңа шарттар мен талаптар қосылып жетілдірілді.

«Аталған байқаудың шарттары мен талаптары негізінде бұған дейін жалпы білім беру ұйымдары арасында 4 рет, желілік Абай мектептері арасында 3 рет, студенттер арасында 2 рет, жалпы жиыны 9 рет республикалық байқау өтіп, танымалдылыққа және қызығушылыққа ие болды. Нәтижесінде ЖОО-лар мен мектептерден шешендік өнер үйірмелері құрылып, сайыстар мен байқаулар жиі өте бастады. Бұқаралық ақпарат құралдары жақсы бастаманы нәсихаттап кеңінен таралуына жол ашты», - деді Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімі.

Бұл жолғы байқаудың бас жүлде иегері 150 000 теңгені қанжығалайды. 1-орынға 100 000 теңге бұйырады. Өзге де орындар бойынша ақшалай сыйақы қарастырылған.

Байқаудың жеңімпаздарын ғалымдар мен зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері, әдебиетшілер анықтайды. Бабадан қалған бай тілде сөйлеуді еркін меңгерген жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болады.