Жыл басынан бері елордада 1230 жүргізуші көлікті мас күйде басқарған
Мас жүргізушілердің кінәсінен елордада 229 жол-көлік оқиғасы орын алды
Жыл басынан бері елордада 1230 жүргізуші көлікті мас күйде басқарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түнгі уақытта, Астананың сол жағалауында полицейлер бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылған екі жүргізушіні анықтады. Патрульдік полицияның мамандандырылған батальоны қызметкерлерінің назарына Volkswagen Polo және Hyundai Accent автокөліктерінің жүргізушілері түсті, олардың жолда жүруі күдік тудырған. Сағат 04:30-да Керей мен Жәнібек хандар көшелерінде Щучинск қаласының 33 жастағы тұрғыны мас күйінде басқарған Volkswagen Polo автомашинасы тоқтатылды. Құжаттарды тексеру кезінде 2022 жылдың қазан айында сот шешімімен, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) сәйкес, ер адам мас күйінде көлік басқарғаны үшін 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Қызметкерлердің сұрағына жүргізуші сыра ішкенін жасырмай мойындады. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес жүргізуші жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.
Сол түні Хусейн Бен Талал көшесінде Hyundai Accent көлігін масаң күйде басқарған 38 жастағы әйел анықталды. Бірнеше ай бұрын аталған азаматшаның алкогольдік ішімдік ішіп көлік жүргізгені үшін көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Жағдайдан шығудың жолын іздеп, мәселені шешуге тырысқан тұрғын қызметкерлерге жалынған, бірақ оның әрекеттері нәтижесіз болды. Медициналық куәландыру әйелдің орташа ауырлықтағы алкогольдік масаң күйде екенін анықтады. Қазіргі уақытта құқық бұзушылар қамауға алынды, ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері елордада көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 1230 жүргізуші ұсталды. Жүргізуші куәлігінен айырылған көлік құралдарын масаң күйде басқарған 84 жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мас жүргізушілердің кінәсінен елордада 229 жол-көлік оқиғасы орын алды.