Сарыағашта 7 жылға сотталған Ұлыбритания азаматы апелляциялық шағым түсірді
Ол өзімен бірге психотропты зат алып жүрді деп айыпталған

Сарыағашта сот шешімімен 7 жылға сотталған Ұлыбритания азаматы апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы Түркістан облысы сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өзімен бірге психотропты зат алып жүрді деп айыпталған Ұлыбритания азаматы Жібек жолы шекара бекетінде ұсталған болатын.
Сотталушының кінәсі сотқа дейінгі тергеу барысында және сот отырысында берілген куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ сот тергеуінде зерттелген қылмыстық іс материалдарымен расталған.
Ол сот үкімімен ҚР ҚК 286-бабы 2-тармағының 5-тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
«Сотталған ер адам сот үкімімен келіспей апелляциялық шағым берді. Бүгінгі күні іс Түркістан облыстық сотының қылмыстық алқасында қаралып жатыр», - делінген ақпаратта.