Құрылыс салушы шарт талаптарын орындамаған және нысан құрылысын өз бетінше бастаған
Астанада рұқсат құжаттарынсыз құрылысы жүргізілген «Көктөбе» ТК бұзылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тұрғын үй кешені Алматы ауданындағы Ш.Қалдаяқов пен К.Әзірбаев көшелерінің қиылысында орналасқан. «Global Millennium» ЖШС құрылыс салушысы қадалар жүргізіп, шұңқырын қазған, сол сияқты іргетасын құйып, 1-қабатын тұрғызған.
«Құрылыс салушы шарт талаптарын орындамаған және нысанның құрылысын өз бетінше бастаған. Құрылыс салушы құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 316-бап (тиісті жобалау-сметалық құжаттамасыз), 319-бап (жерге тиісті құқықсыз өндірістік, тұрғын үй нысандарын заңсыз салу), 321-баптың 1-бөлігі (техникалық және авторлық қадағалауларсыз құрылысты жүзеге асыру), 463-баптың 1-бөлігі (рұқсатсыз іс-қимылдарды жүзеге асыру) бойынша ӘҚБтК ұйғарым бере отырып, жауапқа тартылды», - делінген хабарламада.
«DBK-Engineering» ЖШС бас мердігеріне қатысты ҚР кодексінің 313-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама (осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген, ғимараттардың, құрылыстардың, олардың бөліктерінің немесе жекелеген конструктивтік элементтердің беріктігін, тұрақтылығын жоғалтуға әкеп соққан іс-әрекеттер жасау ретінде) жасалды.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот елорданың қалалық ортаның сапасы және бақылау басқармасының талабын қолдады және құрылыс салушыны тұрғын үй кешенін бұзуға міндеттеді.