Бүгін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде мемлекеттік сатып алу бойынша құқық бұзушылықтардың жиілеп кеткені туралы айтылды
Жиынға қатысушылар Ақтау қаласында мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы мен қызметкерлері 25 рет әкімшілік жазаға тартылғанын, бірақ, олардың әлі де мекемедегі жұмысын жалғастырып жатқанын айтты. Сондай-ақ, елімізде мемлекеттік сатып алу бойынша заң бұзғаны үшін лайықты жазаға тартылмай жүргендер көп екен. 2017 жылы 11 022 факті тіркелсе, соның 2437-і ғана жазаға тартылған (22%-ы ғана).
Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов мұны тиісті заңның жоғарыда айтылған әрекеттерге жол беріп қойғандығымен байланыстырады. Себебі, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 207 бабына сәйкес өкілетті тұлға анықталған құқық бұзушылықтың зардабын 10 күн ішінде жоя алса, жауапкершілікке тартылмайды.
«Заң шығарушы орган өкілетті тұлғаларға мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы бұзу құқығын өзі беріп отыр. Бұл дегеніңіз - индульгенция, яғни шенеунікті жауапкершіліктен өз қолымызбен босату», - дейді ол.
Ал «Атамекен» палатасы кеңесінің мүшесі Айгүл Соловьева қазіргі заң мемлекеттік сатып алулардағы манипуляцияға ашық жол беріліп, бәсекелестікке шектеу қойып отырғандығын айтады. Сол себепті ол сатып алуға қатысушылардан біліктілік талаптарын алып тастауды немесе қайта қарастыруды ұсынды. Тіпті, ол мемлекеттік сатып алуды қаржы министрлігінен тәуелсіз өткізу керек деп есептейді.
«Әлемдік тәжірибеде тауар биржасы бар. Ол жерде тек цемент және тағы бір-екі зат қана сатылады. «Атамекен» палатасында да тауар жеткізу бойынша оперативті қызмет бар. Яғни, сатып алуды осы «Атамекеннің» немесе биржаның электронды сауда алаңында өткізген дұрыс», - дейді, ол.
Жалпы, 2018-2019 жылдар ішінде сатып алулар бойынша 496 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген. 2018 жылы - 275, 2019 жылы - 211 факт. Заң бұзушылықтар көбіне құрылыс объектілерін салу бойынша болады, соңғы екі жылда осы салада 140 факті тіркелген. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында - 90, білім беруде - 77, денсаулық сақтауда - 33, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында - 15 факті.
Жемқорлық қылмыстардың басым бөлігі Атырау (79), Қызылорда (66), Батыс Қазақстан облысы (46), Шығыс Қазақстан облысы (34), Алматы (33), Павлодар (33) және Түркістан облысында (33) байқалған.
Абай СЕЙФУЛЛА, Нұр-Сұлтан