Костенко шахтасындағы апат: қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай көмек көрсетілді

Автор: Azattyq Rýhy

Зардап шеккен 10 адам әлі де дәрігерлердің бақылауында

Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында Костенко атындағы шахтададағы апаттан қаза тапқан кеншілердің туыстарына қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында қаза тапқан кеншілердің 46 отбасы БЖЗҚ арқылы жерлеу рәсімі үшін біржолғы төлем құжаттарын рәсімдегенін жеткізді.

«42-сіне төленді, қалғандары бойынша төлем рәсімдері жүргізілуде. Республикалық бюджеттен 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарында оқитын және өзге кәмелетке толмаған балалары бар 20 отбасыға асыраушысынан айрылған жағдайдағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Сонымен қатар, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына тағы да өзге қолдау көрсетіледі», - деді ол.

Оның айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы тарапынан 41 отбасыға 10 жылдық көлемінде жалақы төленген. Қаза тапқан кеншілердің жұбайларының, ата-аналарының, балаларының несиелері өтелді. Сондай-ақ, компания әр отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр есепті ескере отырып, пәтер сатып алуға міндеттелді. Сақтандыру төлемдері, 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарындағы балаларға оқу ақысы қараша айынан бастап төлене бастайды.

«Зардап шеккен 10 адам дәрігерлердің бақылауында, олардың жағдайы орташа және жеңіл дәреже делінеді. Олар қажетті медициналық көмек алуда», - деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, 28 қазан күні Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 46 кенші қаза тапқан болатын.