Студенттердің білім сапасы мен жатын орны: Алматыда бірыңғай стандарт қабылданады

Бастама еліміз бойынша алғаш рет Алматы қаласында қолға алынып отыр

Студенттердің білім сапасы мен жатын орны: Алматыда бірыңғай стандарт қабылданады
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда жыл соңына дейін студенттердің білім сапасы мен жатын орнының бірыңғай стандарттары қабылданады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасында студенттердің толыққанды жағдайын қамтамасыз ету үшін қалалық оқу орындарында білім беру, тұру және студенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған әдістемелік ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылған болатын.

Аталған бағытта Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Оқу орындарында студенттердің оқу, өмір сүру және оларға қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу» жобасы жүзеге асып жатыр.

Осы ретте, 9 қарашада Алматы қаласында аталған жоба аясындағы алғашқы дөңгелек үстелдің отырысы өтті. Кездесуде үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы, қоғамдық пікір көшбасшылары, жергілікті депуттар мен университет проректорлары өз ойларын ортаға салып, сарапшылар зерттеу нәтижелерінің аралық қорытындысын талқылады.

Алматы қаласының мәслихат депутаты Әсия Ақанованың айтуынша, бұл бастама еліміз бойынша алғаш рет Алматы қаласында қолға алынуда. Басты мақсат – 35 университет шоғырланған мегаполис үшін ортақ әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу және стандарттарды бекіту.

«Мысалы, жоғарғы оқу орнында студент үшін қандай жағдай жасалуы қажет? Студенттер жатақханасы қандай стандарттарға сай болуы шарт? Мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін инклюзивті ортаны қалай қалыптастырамыз деген сұрақтардың жауабын іздеп, біріңғай құжат қабылдайтын боламыз. Жоба нәтижесі сәтті болған жағдайда, бұл бастаманы республика бойынша жүзеге асыруға болады деп ойлаймын. Бастысы, университет басшылығы осы әдістемелік ұсынымдарды қабылдауға әзір болуы шарт», - деді депутат.

Айта кетсек, осы уақытқа дейін жобалық фронт-офистің ұйымдастыруымен 40 эксперттің басын қосқан 5 фокус-топ отырысы, 60 респондент арасында анкеталық сауалнама, қазіргі таңда 500 респондентті қамтитын сауалнама жүргізіліп жатыр.

Алдағы уақытта тағы 4 дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылатын болады. Қазірдің өзінде жоба аясында 150-ден астам ұсынымдар келіп түсті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.