ЭКО арқылы туған қыздың босануы дауға ұласты

Автор: Azattyq Rýhy

«Экомед» бедеулікті емдеу орталығы бұл ақпаратқа күмәнмен қарайтындарын мәлімдеп, баспасөз мәслихатын өткізетіндерін хабарлады

Алматыда осыдан 22 жыл бұрын жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген қыздың кеше ана атанғаны туралы жазған болатынбыз. Алайда бүгін «Экомед» бедеулікті емдеу орталығы бұл ақпаратқа күмәнмен қарайтындарын мәлімдеп, баспасөз мәслихатын өткізетіндерін хабарлаған. Осыған қарамастан Алматы қалалық репродукция орталығының мамандары 15 қазан күні босанған Алеся Шиннің жағдайын отандық медицина тарихындағы тарихи оқиға деп бағалайтындарын айтады. Azattyq Rýhy тілшісіне сұқбат берген репродуктолог дәрігер Аяулым Қосетова жағдайды былай түсіндірді:

«1995 жылы Репродуктивтік медицина орталығында денеден тыс, яғни жасанды жолмен ұрықтандыру бөлімі ашылды. Оны «ЭКҰ»  бөлімі деп атады, оның меңгерушісі болып Салтанат Байқошқарова тағайындалған. Эко жолымен ұрықтандырылған алғашқы әйел 1995 жылы жүкті болып, 1996 жылы қыз баланы өмірге алып келеді. Кейін Салатанат Берденқызы өзі  бөлек орталық ашып, бізден жұмыстан кеткен. Ал 1996 жылы  репродукция орталығына жаңа бір топ дәрігерлер құрамы келді. Сол кезде, яғни 1997 жылы 4 ақпанда жасанды ұрықтандыру арқылы қыз бала туды. Ол қыздың есімі - Алеся Шин болатын. Осы Алеся Шин 22 жасында үйленіп, өзі табиғи жолмен жүкті болып, 2019 жылдың 15 қазанында ұл баланы дүниеге алып келді»,  - дейді дәрігер.

Репродуктивті медицина орталығының мамандары мұнда бәсекелестік мәселесі тұрған жоқ деп мәлімдейді. Салтанат Байқошқарованың айтып отырған адамы 1996 жылы 31 шілдеде өмірге келген.  Экстракорпоралдық жолмен ұрықтандыру арқылы туылған қыздың қазір жасы 23-те. Ол тұрмыс құрмаған. Ұлыбританиядағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитынын естідік, дейді Аяулым Қосетова. Біздің айтпағымыз - жасанды жолмен ұрықтанудан өмірге келген адамның өзі де баланы табиғи жүктілік арқылы босана алатынын сүйіншілеу болатын, деп ағынан жарылды алматылық дәрігер.   

«Эко жолымен емес табиғи жолмен өздері бала көтере алады дегенді жеткізгіміз келді. Сол ақпаратты айттық. Ал Байқошқарова Салтанат тарапынан кішкене түісінспеушілік болған шығар. Мұнда талас - тартыс емес. Ең маңыздысы кім бірінші, кім екінші туылды деген сұрақ тұрған жоқ. Біздің орталықтан шыққан қыздың бірінші  рет өзі экомен туғанымен, өз баласын экосыз, яғни  табиғи жүктілік жолымен босанғанын жеткізу.  Біздің мақсат денеден тыс ұрықтандыру арқылы өзі өмірге келген адам есейгенде дүниеге бала әкеле алмайды деген ұғымды теріске шығару болды», - дейді репродуктолог маман.

«Экомед» орталығының жетекшісі Саланат Байқошқарованың пікірін толықтырып жариялайтын боламыз. Алматыдағы Репродуктивті медицина институтында ЭКҰ Алеся Шинді ертең перзентханадан шығару рәсімін жасамақшы. Ол Алматыдағы №1 перзентханада босанған. Баланың да ананың да жағдайы жақсы. Сәбидің салмағы босанғанда 3,2 келі болған.

Әлемде ЭКҰ-ның көмегімен 6,5 миллиондай бала дүниеге келіпті. 42 жыл ішінде экстракорпоралдық ұрықтандыру технологиясы көпшілік тарапынан қолдауға ие болып, тіпті медициналық сақтандыру бағдарламасына да енген.

Луиза Браун (АҚШ) есімді әйел ЭКҰ көмегімен дүниеге келген әлемдегі алғашқы қыз боп саналады. Ол 1978 жылы Бристол қаласында дүниеге келген Луиза 2006 жылы табиғи жолмен босанып, ұл баланы дүниеге әкелген. КСРО-ның «тұңғыш қызы» Лена Донцова   1986 жылы дүниеге келіпті.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы