«Баға индексі біршама төмен»: Жұманғарин жұмыртқа бағасының өсуі туралы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол бұл бағытта жұмыс істеліп жатқанын айтты

Фото: Shutterstock/Fotodom

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкіметтен кейінгі брифингте жұмыртқаның бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Нанның бағасына келетін болсақ, нан қымбаттамады. Нан қымбаттамас үшін Азық-түлік корпорациясының арнайы резерві бар. Әлеуметтік нанның бағасы содан реттеледі. Барлық өңір қажетті көлемді алды. Ұн бағасын қымбаттатпау бойынша резерв бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастырдық. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,3% өсті. Үш апта қатарынан бізде азық-түлік тауарлары бағасының индексі азық-түлік пен қызметтерге қарағанда төмен», - деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, жыл басынан бері жалпы инфляция 10,8%-ға дейін төмендеген.

«Инфляция бір айда 1%-ға төмендеді. Қарашада жыл қорытындысы бойынша 10% дәлізге кіреміз бе деген сұраққа жауап күтеміз. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар бюджеттен 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Көкөністерді, атап айтқанда, сәбіз, пияз, қырыққабат және картопты қажетті мөлшерде сатып алдық, 9 өнім бойынша тауар өндірушілерден, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден міндетті сатып алу ережесін енгіздік», - деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.

Ол жұмыртқаның бағасы алаңдаушылық тудыратынын айтты.

«Қазір бізді алаңдататын жалғыз нәрсе – жұмыртқа бағасының өсуі. Қазір онымен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл нарықта қандай да бір күшті ауытқулар болады деп күтпейміз», - деп қосты Жұманғарин.