Ведомство өкілдері 100-ге жуық жалған есепті анықтады
Қарағанды көлік прокуратурасы «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Қарағанды магистралдық желі бөлімшесі» қызметкерлерінің сауықтыру үшін қаражат жұмсау кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәліметінше, ҚТЖ мен оның еңбек ұжымы арасында жасалған ұжымдық шартта жұмыс беруші мұқтаж жұмысшыларға жеңілдік шарттарымен санаторлық-курорттық емделуге жолдамалар беруге немесе медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, 60 АЕК мөлшерінде материалдық көмек көрсетуге міндетті екені көрсетілген.
Осы құжатқа сәйкес теміржол саласының қызметкерлері әр 3 жыл сайын емдік санаторийлерге жолдама алады. Осыған қоса барлық қаржылық шығындарды Ұлттық тасымалдаушы көтереді. Алайда ҚТЖ есептері мен курорттық ұйымдардың ақпараттарын салыстыру ҚТЖ филиалының емделуді қажет ететін әрбір үшінші қызметкері санаторийде іс жүзінде келмегенін және тиісті процедураларды алмағанын көрсетті.
«Мысалы, азамат А. осы жылдың наурыз айында сауықтыру орталығында демалғаны туралы құжаттар ұсынған. Алайда медициналық мекеменің жауабынан көрсетілген адамның оларда болмағаны анықталды. Жалпы алғанда прокуратура Қарағанды облысының теміржол саласы қызметкерлерінің курорттық ұйымдардың қызметтерін алу туралы осыған ұқсас 100 жалған есебін анықтады», - делінген хабарламада.
Алаяқтық негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оны жүргізу көліктегі полицияға тапсырылды.