Нигерияда содырлар бір ауылдың 40-қа жуық тұрғынын өлтіріп кеткен
Лаңкестік топ мүшелері екі күн бойы ауыл тұрғындарына шабуыл жасаған
Нигерияның солтүстік-шығысындағы Йобе штатындағы ауылда екі күн ішінде кем дегенде 40 шақты тұрғын «Боко Харам» содырларының қолынан қаза тапқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы штат полициясының өкілі Абдулкарим Дунгус мәлімдеді.
«30-31 қазанда Гурокайя ауылына шабуылдар жасалып, кем дегенде 40 тұрғын қаза тапты», - деді ол.
Айта кетсек, Батыс Африкадағы ең ірі радикалды исламдық лаңкестік топ «Боко харам» 2002 жылы Нигерияның солтүстігінде пайда болған еді. 2015 жылы Нигерия үкіметінің күштері бұл топқа іррі соққылар жасап, оның бақылауындағы аумақты айтарлықтай қысқартты.
Сол жылы «Боко харам» тобы жік-жікке бөлініп, содырлық құрылымдардың бір бөлігі ДАИШ лаңкестік тобына (Қазақстанда тыйым салынған) қосылғанын жариялап, «Батыс Африкадағы Ислам мемлекеті» атауын қабылдады. Топ мүшелері де ара-тұра көрші мемлекеттерге де – Камерун, Нигер, Чад елдеріне шабуыл жасап тұрады.