Жарылыс кезінде шахтада болған тағы 1 кенші іздестіріліп жатыр
Қарағанды облысының Костенко шахтасында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Соңғы мәлімет бойынша 45 адамның денесі табылды, 1 кеншіні іздеу жалғасуда. Жұмыстар кезең-кезеңмен өтуде. Әуелі құтқару шаралары жүргізіліп, бұдан соң аумақ қайта тексеріледі.
Мамандар, сондай-ақ жарылыс кезінде бүлінген тау-шахталық қондырғыларды жер бетіне шығаруда. Апат орнының қауіпсіздігіне көз жеткізілген соң шахтаға тергеуді жүргізетін мемлекеттік комиссия өкілдері түседі.
«Шахталарда тексеру жұмыстары жалғасуда. Кейбір аумақтарда тау жыныстарының опырылуы байқалған. Шахтадағы газ мөлшерін анықтағаннан кейін сорғыларды орнату бойынша жұмыстар жүргізіледі», - деді кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі республикалық орталық штабы филиалының орынбасары Геннадий Силинский.