Ол қаза болғандардың отбасына көңіл айтты
Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Қарағандыдағы Костенко шахтасында болған қайғылы оқиға жайлы пікір айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қарағанды облысынан келген қаралы хабар баршамыздың қабырғамызды қайыстырып отыр. Костенко шахтасында қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуын тілеймін. Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Президент Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Кеншілердің отбасыларына барлық көмек көрсетіледі. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастады. Шахтада болған төтенше жағдайға қатысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында Мәжіліс депутаттары да жүр»,- деді ол.
Қошанов сонымен бірге Мемлекет басшысы Үкіметке «Арселлор Миттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын айтты.
«Бұл мәселе бұған дейін де талай рет көтерілген болатын. Компанияға тиесілі кен орындарында мұндай қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Әрине, бұл ең алдымен осы компанияның жауапкершілігінде екені сөзсіз. Сондықтан Президенттің аталған тапсырмасын депутаттар бірден-бір дұрыс шешім деп толық қолдап отыр.Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес. Елдегі барлық инвесторлар мен өндіріс компаниялары осы ұстанымды басшылыққа алуға тиіс»,- деді ол.