БҚО-дағы Жәңгір хан университетіне 60 жыл толды

Azattyq Rýhy

Осыған орай оқу ордасында Түлектер мен қамқоршылар форумы өтті

БҚО-дағы Жәңгір хан университетіне 60 жыл толды

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 60 жылдық мерейтойы аясында Түлектер мен қамқоршылар форумы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Түлектер мен қамқоршылар қауымдастығының кеңейтілген отырысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов және білім ордасының әр жылдардағы түлектері мен шақырулы қонақтар қатысты. Алдымен сөз алған университет ректоры Асқар Мырзахметұлы еліміздің әр өңірінен келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі шарамызға жиналғандардың ішінде 40 жыл бұрын бітірген түлектеріміз де бар екен. Олардың барлығы да – бүгінде белгілі бір табысқа жеткен азаматтар. Жәңгір хан университеті қазіргі уақытта кәсіби білікті кадрлар даярлаумен қатар жаңа технологияларды, ғылыми жаңалықтарды жүзеге асырумен де айналысып келеді. Бүгін сапалы мамандар даярлау бағытындағы ісімізді одан әрі жетілдіру үшін  түлектер мен қамқоршылардың басын қоса отырып, әріптестік байланысымызды одан әрі нығайтсақ дейміз, –  деді Асқар Мырзахметұлы.

Университет басшылығы мен ұжымын мерейтойларымен құттықтаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жоғары оқу орнының атауы қазақтың алтын бесігі – ауылмен байланысты екенін атап өтіп, БҚАТУ бүгінде Қазақстанның жетекші университеттерінің арасынан лайықты орын алғанын айтты.

– Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің 2022 жылғы қорытындысы бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жетекші техникалық университеттердің рейтингінде 4-орынға ие болды. Ол – үлкен жетістік. Университет өз түлектерімен мақтанады. Бүгінгі залда отырған түлектердің басым бөлігі – өз саласында табысты, үлкен жетістіктерге жеткен, өмірлік тәжірибесі бар білікті тұлғалар. Бүгінгі таңда Ақ Жайық өңірі экономикасының барлық саласында еңбек етіп жүрген мамандар – Жәңгір хан университетінде білім алғанын мақтанышпен айтып жүреміз, – деген Нариман Төреғалиұлы форумға қатысушыларды алда келе жатқан Республика күнімен де құттықтады.

Жәңгір хан университетінің түлегі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев та оқытушылар мен білім алушыларды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.  

Бұдан әрі университеттің түлектермен және жұмыс берушілермен бірлескен жұмыстарына басымдық берген Түлектер мен қамқоршылар қауымдастығының төрайымы, Мансап және бизнес-серіктестік орталығының директоры Замзагүл Сұлтанова өзара әріптестік негізінде атқарылған игі істерге назар аударды. Отырыста сөз алған «Орал трансформатор зауытының» басқарушы директоры Дәурен Тұрлыбеков, «Shell Kazakhstan» компаниясының менеджері Ринат Хусаинов, «Белес» компаниялар тобының бас директоры Мұрат Жәкібаев, «Қазақстан халық банкі» АҚ БҚО филиалының директоры Игорь Стексов Жәңгір хан университетінің кадрлар даярлаудағы әлеуеті жоғары екенін жеткізіп, күні бүгінге дейін ортақ ынтымақтастықта атқарған іс-шаралармен таныстырды. Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев университет тарихына көз жүгірте отырып, білім ордасының болашағы да жарқын боларына сенім білдірді.

Форум аясында келген қонақтар Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жоғары білім мен ғылым саласындағы жетістіктерінің көрмесін тамашалады. Сондай-ақ бүгінгі таңда өз кәсіптерінің білгірі атанған түлектер жастармен кездесіп, мансап және бизнестегі тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар форумға қатысушылар университеттің маңызды нысандарын аралап, білім ордасының бүгінгі тынысынан хабардар болды.

Айта кетсек, алпыс жылдық тарихы бар Жәңгір хан атындағы БҚАТУ 17 жоғары және 19 жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары, оның ішінде 14 магистратура және 5 докторантура бағдарламалары бойынша кәсіби мамандар даярлайды.

Бүгінгі таңда Жәңгір хан университетінің Қытай, Өзбекстан, Ресей, Беларусь сынды шетелдік серіктестермен бірлескен 8 білім беру бағдарламасы бар. Сонымен қатар жәңгірхандық студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Еуропа университеттеріне, атап айтқанда Чехия, Польша елдеріндегі жоғары оқу орындарына баруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ оқу орнына шақыртумен келетін Еуропаның, Ресейдің жетекші ғалымдары студенттерге дәріс оқып, тың бағыттарға жол ашады. Ал қазақстандық жетекші университеттер мен отандық ғалымдар бірлесе кәсіби мамандар даярлауға атсалысады.

Білім мен ғылымның ордасына айналған БҚАТУ-дың ғылыми жетістіктері де аз емес. Соңғы бес жылдың өзінде университет ғалымдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Профессор, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайызы» рейтингісі бойынша ғылыми жұмыстары көп сілтеме жасалатын ғалымдардың тізіміне енді.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Уфа мемлекеттік мұнай технологиялық университеті арасындағы екіжақты меморандум негізінде ғылым мен білім беру саласындағы әріптестік әлеуеті артты. Батысқазақстандық университетте уфалық ЖОО-ның өкілдігінің ашылуы – осы жұмыстардың нәтижесі.

Бүгінгі таңда университетте 344 профессор-оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде 12 профессор, 15 ғылым докторы, 25 доцент, 70 ғылым кандидаты, 47 PhD.

Жәңгір хан университеті өзінің 60 жылдық тарихында сан мыңдаған кәсіби мамандар дайындады. Түлектер Батыс Қазақстан облысынан басқа да өңірлерде түрлі кәсіпорындарда, өндіріс ошақтарында, ауыл шаруашылық құрылымдарында, мекеме-ұйымдарда жемісті еңбек етуде. Олардың арасында жоғары басшылық лауазымдарда, жауапты қызметтерде жүрген табысты түлектер де аз емес.

Университетте запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлайтын Әскери кафедра жұмыс жасайды. Жәңгір хан университетінде білім алушылардың әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Университет аумағында 2140 орындық төрт студенттік үй бар. Университеттің ғана емес, облыстың, қала берді еліміздің намысын қорғайтын спортшылар – білім ордасының мақтаныштары. Білім алушылар арасында 4 әлем чемпионы, 7 әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионатының 4 жеңімпазы және 8 жүлдегері, 20-ға жуық ҚР чемпионы бар. Сонымен қатар, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 12 спорт шебері, 80-ге жуық спорт шеберіне үміткер, 80 түрлі дәрежедегі спортшы білім алуда. Жаңа үлгіде салынған «Жәңгір хан» спорт кешенінде спорттың 17 түрі бойынша жұмыс жүргізіледі.

Биыл Жәңгір хан университетіне 1300-ден астам студент оқуға қабылданды. Жалпы 4000-нан астам студент жаңа оқу жылын бастады.

БҚАТУ қазіргі таңда Қазақстандағы ЖОО арасында 18-орында болса, Орталық Азия жоғары оқу орындарының арасында – 23-орында.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.