Астанада Орталық Азиядағы ең ірі Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумы басталды. Оның жұмысына мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары, Қазақстанның, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келген кәсіпкерлер мен стартаптар өкілдері қатысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Форум аясында панельдік сессиялар, дөңгелек үстелдер, екіжақты кездесулер, тақырыптық көрмелер, Digital Bridge Awards сыйлығы, бос орындар жәрмеңкесі және басқа да іс-шаралар өтуде.
Пленарлық отырыс қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов форумға қатысушылардың көрмеге қойылған стендтерімен танысты. Атап айтқанда, жоғары мәртебелі қонақтардың назарына робот техникасы, әлеуметтік технологиялар, креативті экономика, жасанды интеллект, қаржы, мемлекеттік басқару және т.б. салалардағы инновациялық жобалар ұсынылды.
Форумның бас пленарлық отырысынан кейін ҚР Премьер-министрінің қатысуымен Digital Bridge Awards жеңімпаздары марапатталды. Сыйлық қазылар алқасы мүшелерінің онлайн-дауыс беруінің қорытындысы бойынша ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытудағы жетістіктері үшін Орталық Еуразия елдерінің үздік IT-компанияларына беріледі.
Номинациялар бойынша Digital Bridge Awards 2023 жүлдегерлерінің тізімі:
- Еxport Excellence (IT-қызметтерді экспорттауға бағытталған даму стратегияларын табысты түрде іске асыру) – Алексей Аксенов, бағдарламалық қамтамасыз етуді және күрделі цифрлық платформаларды әзірлейтін EPAM Kazakhstan компаниясының директоры;
- Tech for Good (экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге арналған технологиялар) – Әсем Тәжиева, кішкентай балалар, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары үшін пайдалы ақпарат беретін мобильді қосымша Ozim Platform әлеуметтік стартабының негізін қалаушы;
- Tech Educational Leader (оқытуда инновациялық, батыл және шығармашылық бастамаларды қолданатын бағдарламалау мектептері) – Данабек Қалиажаров, Alem School жетекшісі;
- Tech Media of the Year (технологиялық журналистика саласындағы жетістіктер) – Тагай Тазабеков, Қырғызстандағы жастарға арналған Limon.KG бірінші интернет-басылымының директоры;
- Employer of Choice (қызметкерлерді кәсіби және тұлға ретінде дамытуға ынталандыратын жұмыс ортасын ұсынушы компаниялар) – Дмитрий Ботанов, қызметтер, жылжымайтын мүлік және автокөлік сату саласындағы Kolesa Group IT-компанияның бас директоры;
- VC of the Year (инновациялық экожүйенің дамуына елеулі үлес қосқан венчурлік инвесторлар) – Әділ Нұрғожин, Big Sky Сapital венчурлық қорының басқарушы серіктесі;
- AI Startup of the Year (жасанды интеллект саласындағы жетістіктері үшін) – Азизджон Азими, Тәжікстан жастарына қаржы және телекоммуникациялық компанияларға жұмысқа орналасу үшін IT және ЖИ бойынша мамандандырылған курстардан өтуге мүмкіндік беретін Zypl.ai орталығының негізін қалаушы;
ҚР Премьер-министрі жеңімпаздарды марапаттап, оларға алдағы жұмыстарына табыс тіледі.